Жұмыссыздарға төленетін әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады
Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық режимде енгізіледі.
Қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және белгіленген талаптарға сай азаматтарға төлем бір айдан алты айға дейін тағайындалады. Оның нақты мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай анықталады.
1 қазаннан кейін әлеуметтік төлем ең көбі үш айға беріледі. Төлем көлемі азаматтың орташа айлық табысы мен жүйеге қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Қазіргі тәртіп бойынша оның мөлшері соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар ескерілген орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды.
Сонымен қатар жаңа ережеге сәйкес төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылады. Ол жеті ең төменгі жалақының 45%-ынан аспауға тиіс.Әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін азамат алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, кейін жұмыссыз мәртебесін алуы керек. Төлем осы мәртебе берілген күннен бастап тағайындалады.
Егер азамат ұсынылған жұмыстың үш нұсқасынан себепсіз бас тартса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылып, әлеуметтік төлем де берілмейді.