Қоғам

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру 6 айға созылады: депутаттар жүйені өзгертуді ұсынды

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихандарды тапсыру кезегі бірнеше айға созылып жатыр. «Ақ жол» фракциясының депутаттары мәселені шешу үшін емтихан қабылдау орындарын көбейтуді және жазылу жүйесін өзгертуді ұсынды.

куәлік

Депутаттардың айтуынша, азаматтар мен автомектептерден Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы емтихан кезегіне қатысты шағымдар түсіп жатыр. Кей жағдайда емтиханға жазылу алты айға дейін созылады. Бос орындар тез толып, жазылу тетігінің ашықтығына қатысты сұрақтар туындаған.

Олардың пікірінше, бос орын тапшылығы мен жазылу жүйесінің ашық болмауы ақылы делдалдардың пайда болуына жағдай жасайды.

«Ақ жол» фракциясы теориялық емтихан қабылдау мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды. Атап айтқанда, мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзарту және емтихан қабылдаушылардың ауысымдық жұмысын ұйымдастыру мәселесін қарастыру қажет деп санайды.

Сонымен қатар теориялық емтихандарды Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелері базасында өткізу мүмкіндігі ұсынылды.

Практикалық емтиханға қатысты да өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Депутаттар жеке автомектептердің автодромдарын аккредиттеп, белгіленген талаптарға сай болған жағдайда оларды емтихан қабылдауға тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Бұл ретте барлық емтихан орталықтарында техникалық және қауіпсіздік талаптары, бағалау критерийлері, бейнебақылау мен нәтижелерді ақпараттық жүйеге енгізу тәртібі бірдей болуы керек.

Бұдан бөлек, емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүргізіп, бос орындарды автоматты түрде бөлудің ашық әрі қорғалған жүйесін енгізу ұсынылды.

Депутаттардың пікірінше, бұл шаралар емтихан кезегін қысқартып, жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтар үшін қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз