Жүргізушілерге жаңа талап: ІІМ денсаулығына байланысты көлік жүргізе алмайтын азаматтардың деректерін алады
Мәжіліс жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызметті реттеуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат жол қозғалысы саласында мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды ашық ережелер мен цифрлық сервистер арқылы реттеп, заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыруды көздейді.
Заң жобасына сәйкес, жол ережесін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу ауқымы кеңейтілмек. Енді мұндай жүйелер тек жол бойында ғана емес, мемлекеттік органдардың, жедел жәрдем қызметтерінің және қоғамдық көлік тасымалдаушылардың көліктеріне орнатылған арнайы техникалық құралдар арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжатта көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды рөлге отырғызбау мәселесі де қарастырылған. Осы мақсатта медициналық деректерді Ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған жүйесіне интеграциялау ұсынылып отыр. Егер азаматқа көлік басқаруға кедергі келтіретін диагноз қойылса, оның жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылады.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы саласында айыппұлдарды уақытылы төлемеген жүргізушілерге қатысты да шектеулер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, берешегі бар азаматтардың кейбір мемлекеттік қызметтерді алуына уақытша тосқауыл қойылады.
Жалпы, заң жобасы жол қауіпсіздігін арттырумен қатар, жауапкершілікті күшейтіп, цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.