Без Категории

Журналист өліміне қатысты 12 жыл бұрынғы іс қайта жалғасты

Қырғыз журналисі Әлішер Саиповтың өліміне қатысты 2013 жылы жабылған қылмыстық іс қайта жалғасты.

Журналист өліміне қатысты 12 жыл бұрынғы іс қайта жалғасты

Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметіне марқұмның ағасы Шохрух Саипов хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда Халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымдарының желісіне (IFEX) берген жауабында Қырғызстанның бас прокуратурасы солай деп жазған.

— Штаб-пәтері Канадада орналасқан халықаралық ұйым биыл шілде айында прокуратура органдарына бауырымның ісі бойынша сұрау салған. Оларға іс қайта жалғасты деп жауап берген. Істі жапқан кезде [прокуратура] бізге ләм-мим демеген еді. Тергеудің қайта жалғасқанына қуанып отырмыз. 12 жыл бұрын бауырымды өлтіріп кеткен адамның ізіне түсу қиын болар деп ойлаймын. Оны түсініп тұрмын. Бірақ адам өлтіруіне не себеп болғанын білгіміз келеді, осы ақпарат ашық айтылса. Осылай болады деген үмітіміз де бар. Соңғы сәтте бауырымның жанында болған адаммен кездескіміз келеді, — деді Шохрух Саипов.

Қырғызстан бас прокуратурасы қылмыстық іс жалғасуының себептерін анықтап жатқанын хабарлады.

Саиповты танитын "Фергана.ру" ақпарат агенттігінің бас директоры Даниил Кисловтың пікірінше, билік журналист өлімінің себептерін аша алса, халықаралық аренада Қырғызстанның беделіне оң ықпал етпек.

— Нақ қазір істі қайта қолға алып жатқаны түсініксіз. Таңданарлық жайт. Құқық қорғау органдары тапсырыс беруші немесе орындаушы адамды тауып, осы ыңғайлы сәтті пайдаланғысы келді ме екен. Қалай болғанда да алдыңғы режим қылмыстарын зерттеп жатқан қазіргі билік бұрынғы қылмыстарды да ұмытпайды деген үмітіміз бар. Себебі Саиповты президент Бакиев кезінде өлтіріп кеткен. Егер Орталық Азия аумағында журналистер көрген құқай мен адам өлімі жайлы айтсақ, бұл жайлы тұтас баяндама әзірлеуге болады. Аймақ журналистеріне әлі де оңай тиіп жатқан жоқ. Шенеуніктер тәуелсіз БАҚ-ты жау көреді, — деді Кислов.

26 жастағы Әлішер Саиповты 2007 жылы 24 қазанда Ошта атып кеткен. Билікті сынайтын мақалаларымен танылған тәуелсіз журналисті атып өлтіргендер әлі табылған жоқ.

Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз