Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:09, 13 Қазан 2023

Золтан Бузади, психолог: «Жұмыс процесінде ештеңені ойламау – рахат сезім»

Золтан Бузади
Фото: Yernar Almabek

Золтан Бузади – психология ғылымының докторы, Будапештегі Бизнес мектебінің профессоры. Қазақстанға дейін Англия, Германия сынды бірнеше жерде қызмет атқарған.

Кейінгі уақытта еліміздегі тұлғалардың туындылары арқылы бизнес және ондағы көшбасшылықты зерттеп жүрген маман. «Жас Алашқа» берген сұхбатында ол қазақ пен венгрдің ұқсастығы, қазақ өнеріндегі ірі тұлғалар – Сергей Калмыков, Әбілхан Қастеев, Жаңатай Шәрденовтердің суреттеріндегі ерекшеліктер туралы айтып берді.

Жұмыс процесінде ештеңені ойламау – рахат сезім

8 жыл бұрын осы елге келіп, ессіз ғашық болдым. Венгрия халқы қазақтармен тамырымыз байланысты екенін жақсы біледі. Мысалы, менің тайпам – мадияр. Дәл сіздердің жіктеулеріңіз бен тілдік ұқсастықтарымыз көп. Одан бөлек, ұлт ретіндегі ғажап мәдениетіне тәнті болғаным сонша, алғашқы сапарымнан бері 25 мәрте келіп, екі ортаны жол қылдым. Астана, Көкшетау, Өскемен сынды қалаларда, түрлі аймақтарда болдым.

Негізгі бағытым – көшбасшылық. Яғни бизнес игерген адамдарға команданы басқару бойынша дәрістер жүргіземін. Қызметтестер арасында әдемі атмосфера орнатып, ісін өрге домалатудың қыр-сырымен бөлісемін. Ондай нәтижеге негізгі мотивация ретінде ақшаны, жалақыны қойып емес, FLOW теориясын игеру арқылы жетуге болады. Бұл қазақ тілінде «толқында болу» деген мағынаны береді. Бұл өнердің шыңына шыққан лидер нәтижені негізгі мақсат деп емес, процестің өзінен ләззат алып, күнделікті жасалатын кішкене қадамдардың үлкен мәнге ие екенін түсінеді. Бұл теорияның негізін қалаған венгр ғалымы – Михай Чиксентмихайи. Оның осы аттас кітабы әлем бойынша бестселлерге айналды. 30 жыл сол деңгейінен түспеді. Тіпті Қазақстанның кез келген кітап дүкенінен таба аласыз.

Кітапқа арқау болған зерттеу жұмысының тарихына тоқтала өтетін болсам, теория негізін қалаушы Михай бала кезінде Будапеште болған жарылыстарда не себепті шахмат ойынына беріліп, айналасының астан-кестен болғанынан қорықпағанына таңғалады. Мысалы, суретшілер де жұмыс барысында өнерге берілетіні сонша, ештеңені көрмейді. Сол секілді музыкалық аспапта ойнап отырып, сіз екі күннен кейін не істейтініңізді ойламайсыз. Сол сәтпен ғана өмір сүресіз. Сіз де сұхбат алып отырып, осы сәтті ғана сезетініңіз көрініп тұр. Бұл ғажап сезім.

Золтан Бузади
Фото: Yernar Almabek

Күнделікті күйбең тіршілік бақытқа айналғанда ғана адам өмірден мән табады

Ерте замандарда халық Тәңірге сеніп, оны бақыттың көзіне балаған. Бірақ заман өзгеріп, сенім азайған сайын, адамға бақыт «тауып беру» қиынға түсіп келеді. Аса діншіл еместер үшін оған альтернатива керек болды. Осылайша біреу үшін бақыт бала болса, екінішісі ақша мен дәулеттен шаттық табады... Осы сияқты профессор бақытты белсенділіктен табудың жолын ұсынады. Себебі адам жан бағу үшін жұмыс істеуі керек, ал сол күнделікті күйбең істі бақыт кілтіне айналдыру арқылы адам әр күнін мәнді сүре алады. Яғни meaningful life көзіне айналады. Мұның әдебиетте де кездесетіні бар: Лев Толстойдың «Анна Каренинасында» өмірі көңілсіз күйде жүретін бай-бағланның қарапайым ғана шөп орудан рахат алатын сәті есіңізде шығар. Елеусіз сәттерден біртіндеп бақытты бола түскенін байқаған Левин сол күнінің ең ғажап болғанын айтады емес пе?! Кей шығармашылық адамдары күнде бір қимылды қайталай берсе де, содан ләззат алатыны қалай?! Демек, адам қабілетін іске асырғаннан өзін бұл өмірдің мәнді бөлшегі ретінде сезінеді. Менің психологиялық флоу теориясын басшыларға үйретердегі басты месседжім де топтағы әр адамға өз қабілетін көрсетуге түрлі мүмкіндіктер ашып отыру өнерін игеру болып отыр. Бірі компьютерге епті болса, басқасы шара ұйымдастырудың шебері шығар, демек оларға соны одан әрі жетілдіре түсуге жағдай жасау керек.

Мұндай жаңа ілімді үйретуде мен қызықты ойындар, видеоматериалдар легін пайдаланамын. Осы конференцияда флоу теориясын Қастеев атындағы өнер мұражайы қорындағы картиналарды мысалға келтіре отырып жеткізуді жөн көрдім.

Позитив психология бағытында жұмыс істейтін Михай «психологсымақтардың» «осы сәттен ләззат ал, мына құстың салған әнін рахаттана жатып тыңда» деген кеңестерінде еш ғылыми негіз жоқ екенін айтады. Себебі жоғарыда айтып өткенімдей, адам өзін өмірдің мәнді бөлшегі ретінде сезінгенде ғана шын бақытты болады.

Қазақтың өнері кілем мен текеметінде

– Демек, бұл дольче фар ниенте немесе карпе дием идеяларына кері мәнде болғаны ғой?

– Дәл солай, бұл керісінше әрекет етуге итермелейді. Інжілдегі Тәңірге, Жаратушыға ұқсап бағу пәлсапасына жақын. Қазіргі тілмен айтсақ, креаторға айналу. «Мен өмірге не үшін келдім?» деп ойланатын кез келген пенде мағыналы әрекетке көшеді.

Римдіктер мен гректер әлдеқашан ұғынған, антикалық ойшылдарға анық болған жаңа нәрсе жасау, жарату арқылы ләззатқа кенелуді көздейді. Мысалы, шебердің картинасы өз деңгейінде бағаланбай-ақ қойсын. Бірақ ол өзінің ісіне сенімді. Оның бақыты өзінде.

– Қазақ өнер туындыларындағы осы идеялар туралы не дейсіз?

– Қазақ үшін өнер қолданбалы болды. Олардың суреті кілемдері мен текеметтерінде еді. Оның ғажап сұлулығымен қоса практикалық түрде тигізер пайдасы зор. Міне, мәнді бөлшекке баланудың ең айқын жолы.

– Десе де сіз көркемсуреттен де осы идея интерпретациясын тапқаныңызды айтып өткен едіңіз.

– Картиналар коллажын сипаттау: мысалы, мына суреттен біреуге бақыт қарапайым өмір екенін, екіншісіне ұрпақтар сабақтастығы маңыздырақ екенін, ендігі өнерпазға дауысы мен сұлулығы болса, төртінші адам үшін ол атақ пен даңқ болуы мүмкін. Бірақ бұлар бір күнде жоқ болуы мүмкін. Мысалы, Назарбаевтың саяси ықпалы қандай еді, ал қазір оның қайда екенін ешкім білмейді. Сондықтан мән-мағынаны әрекеттен, жігерлі қимыл-қозғалыстан іздесең ғана, ол өзіңмен бірге қалады.

Семейде президент күнінде Назарбаевты мақтауымды сұрады

Мына суреттегі Көкпарға мән беріңіз. Полоның азиялық бұл нұсқасындағы ерекшелікке Флоу идеясының негізін қалаушы да үлкен мән береді. Оған шеберлік, шығармашылық, мықты рух пен ауызбіршілік керек. Яғни мұнда әркім өзінше бір «толқында» болса, команда ретінде де осы флоу идеясымен ойнап жатады. Демек, осы сәтпен ғана. Кеше не істегенін, алдағы күндерге деген жоспарын ойлайтын уақыты жоқ. Тек қазір істеп жатқан сәтінен мән табады. Есіңізде болса, Қаскелеңде көшеде көкпар өтіп, бірнеше көлік зақымдалғаны хабарланған еді. Кейін оның ұйымдастырушы шөбересі үшін той жасаған қарт кісі екені анықталып, істі жылы жаба салды. Бұл таза қазақ стори. Сидоркиннің суреті де ғажап. Ал адамды осынша қауіпті ойынға әуестенуге тартатын не? Ақша болуы мүмкін емес қой. Өмір қымбатырақ. Олар осы үдерістің, үлкен бір дүниенің мәнді бір бөлшегі болуды қалайды. Сол секілді күнделікті жұмыс та осы көкпар секілді. Адамның мотивациясы айдың соңындағы жалақы емес, күнделікті толқында, яғни флоуда болған кезде ғана тұрақты түрде бақытты күй кешеді. Ал өзіңнің осы күйде екеніңді білудің бірнеше критерийі бар. Демек, флоуда болуды ғылыми анықтау жолын білгеніңіз жөн.

Бірінші, эгоңды жою. Сурет салып отырып, өзіңнің одақтың мүшесі екеніңді ұмытасың, белгілі бір жобамен жұмыс істей отырып, бастық екеніңді ұмытып, командамен бірге еңбектенесіз.

Екіншісі, уақытпен санаспау. Бір сағаттың 15 минуттай өте шығатыны рас қой, сүйікті ісіңмен айналысқанда. Таэквондодан Рио Олимпиадасына қатысқан спортшы Арман Чильманов кілемдегі 2 минут мәңгіліктей сезілетіні сонша, одан кейін күш-қуат жию үшін 2 күн ұйықтаймын деп айтқан еді. Флоу уақытты тым ұзақ немесе тым қысқа сезіндіруі мүмкін. Калмыковтың суреттерін қараңыз, уақыт деген ұғым ерекше жеткізіледі. Тіпті ол жоқ сияқты. Сәтбаевтың бала кезіндегі естелігін оқып отырсаңыз, оның минералдарды күні бойы қызықтап отырып, уақыттың қалай өтіп, күннің қалай батқанын сезбей қалғаны туралы айтылады. Ол сол сәтте флоуда, яғни толқында болу арқылы уақытты ұмытты.

Үшіншісі, жағдайды игеру сезімі. Ол әкім секілді бәрін басқару деген мағынада емес, үдеріске қатыстылығын айқын сезіну арқылы, оған әсер ету мүмкіндігі. Мысалы, сіз сұхбат алып отырсыз. Қанша ақша төленсе де егер сұхбаттың өзі шынымен қызықты болмаса, соңында жақсы мақала шықпайды. Яғни мотивация ақша бола алмайды. Сіз қазір маған бірнеше сұрақ қою арқылы жағдайды игеру сезімін кешіп отырсыз. Өзіңізді қызықтырған, сауалдарға жауап алып отырғандықтан, әңгімеге қызыға түсесіз. Демек, сұхбатта флоу сезімі орнайды. Пассив емес, актив болу маңызы.

Төртіншісі, тек осы сәттің маңыздылығы. Мысалы, Қастеевтің «Медеу» картинасын қараңыз, шаңғы тепкен адамға тек сол әрекет пен сәт ғана маңызды, басында тек бірнеше қадамдық маршруты ғана. Қазақ Ван Гогы атанып кеткен Шарденовтің де мына суретінде тек сәтті ләззат, визуал сұлулыққа тамсану байқалады.

абай
Фото: А.Волощук "Жас Абай жыр тыңдап отыр" (1940))

Бесіншісі, әр нәрсе мінсіз деп ұғу. Мысалы, Абай әр әннің мінсіздігіне сенген шығар деп ойлаймын. Өзінен ұлылық іздемесе де, туындының ғажаптығын сезіну маңыздылығы. Семейдегі Абай мұражайында болғанмын. Астана күніне сай келген еді сол сапарым. Жергілікті телеарна құттықтау айтуымды сұрады. Мен тек астаналықтар мен елбасыны ғана емес, ауыл мен аймақ тұрғындарына тілек айтқанымда, олар менен президентті ғана дәріптеуді күткенін айтып, күлген еді. Музейдегі реконструкцияда бала Абай ақын жырын еліте тыңдап отыр. Одан кейіпкердің флоуда екенін айқын байқауға болады.

Келесі маңызды пункт: Флоу жасаудың жолы қандай, өзін толқында, осы сәтте сезіну үшін не керек? Ол, әрине, оңай емес. Біртіндеп игерілетін өнер. Бірақ бірнеше алғышартын айтып өте аламын.

Бірі – мақсаттың болуы. Сенің әрекет соңында не алғың келетінін ұғынуың. Мысалы, «Бақыт» картинасында сұлу әйелі мен тұлпарлары бар мына жігіттің көзінен алдағы күнге деген сенім мен болашаққа қойған мақсаты барын көруге болады. Мұхтар Әуезовтің осыған қатысты бір әдемі сөзі бар: «Көпшілік көшпелілер мәнсіз-мағынасыз оңды-солды көшіп жүре береді дейді. Бірақ олай емес. Олар қайда барарын нақты білді» деген. Оның анық бағыты бар. Жол флоу болса бұл кезде, барар жері – мақсат. Бизнес басшылар да көшпелілер пәлсапасын ұстануы керек. Күнделікті қайталана беретін іс – флоу болса, алдағы 5-15 жылға қойған мақсаты болуы шарт.

Қазақстанда табиғи ресурстар көп, бірақ психологиялық ресурс жоқ

Екінші маңызды дүние – сол сәттік фидбэк. Суретші салған туындысын сол сәтте көріп отырады, музыкант жазған селодиясын сол сәтте естіп отырады. «Қыз қуу» картинасында да солай. Қуып жеткен жігіт қызды сүйеді. Ал бизнесте бұл қиын.

Молдахмет Кенбаев
Фото: Молдахмет Кенбаевтің суреті "Асауға құрық салу" 1957 жыл

Келесі маңызды алғышарт – қабілет пен талаптың арасындағы баланс. Мысалы, «Асауға құрық салу» картинасын қараңыз. Асауды құрықтау мына екі жігітке түк те емес. Олардың рахаттанып, флоуда жүргені анық байқалады. Ал бұл тапсырманы маған берсе, қайтер едім. Бұл менің қабілетіме сай келмейтін жұмыс. Мен одан уайымға батар едім. Ал талап тым оңай болса, мен одан жалығып кетемін. Флоу деген осы екі дүниені өзара үйлесімділікте ұстау. Қабілет пен тапсырманың арасында баланс болуы. Қызметкердің тәжірибесі көбейіп, қабілеті артқанда тапсырманы соған сайлап отыру керек. Сонда апатия болмайды. Плато эффектіне жол бермеу керек.

Төртінші нәрсе – фокус. Көп тапсырманы бір сәтте жасау дұрыс емес. Мысалы, сұхбат алдында мен шулаған студенттерді шығарып жіберген едім, сұхбат барысы қыза түсті. Яғни мен сізге флоу мүмкіндігін құрдым. Сол арқылы фокусыңыздың тек осы істе болуын қамтамасыз еттім. Қастеев мұражайындағы әр картина бұл идеяға мысал бола алады.

Қорыта келгенде, флоудың мәні әрекетте. Және ол ғылым арқылы дәлелдене алатын идея, яғни мистика емес. Флоу психологиялық капитал құру жолы. Мысалы, Қазақстанда табиғи ресурстар көп, бірақ психологиялық ресурс жоқ. Оны осы ғылым арқылы арттырамыз. Ол жеке және топтық дамуға алып келеді. Мен мұны өзім ойлап тапқан Флигби ойыны арқылы үйретемін. Бір қызығы, бұл жерде мысалға алынатын шарап өндіруші компания атауы – Турул. Бұл венгер мәдениетінде, ұлттың осы аттас құстың ағаш басына ұшып келіп, ұя салғаннан кейін сол жұмыртқадан венгер халқы шықты деген ертегісінің кейіпкері. Ал қазақтарда оны Самұрық деп атайды. Тіпті өз тегімізге қатысты мифологиямыз да ұқсас. Ғажап емес пе?!

Жазып алған – Тұрсынбек Башар