Аймақтағы ауылдардың тең жартысы ғаламторсыз отыр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

05.07.2021, 09:16

668

Цифрландыру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін аңғартатын құралға айналды. Қарағанды облысында цифрлық теңсіздікті жою шаралары әлі күнге мардымсыз халде. Аймақтағы ауылдар осы күнге дейін интернетке жарымай отыр. Бұл жайында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және мұрағат басқармасының басшысы Рустам Байжанов ZOOM арқылы өткен онлайн-конференцияда мәлімдеді.

– Аймақтағы 416 ауылдың жартысы жаhандық байланысқа қосыла алмай отыр. Ал тұрғындарының 84 пайызы тұратын қалалық жерде бұл қызметтен тапшылық жоқ. Өңірлік басқарма өкілдері осы мәселеге қатысты проблеманы ұялы байланыс операторларымен бірге, облыс әкімдігіндегі жиында  көтерген-ді. Сол кезде өңір жетекшілері күрмеулі мәселені шешуге уәде берді. Алайда арада қаншама уақыт өткенімен, өзекті жайт сөзбұйдаға салынып келеді, – деді басқарма жетекшісі. Осылай деп қынжылысын жеткізген спикер әйткенмен келер күнге үміт артып отырғанын жасырмады. Ол парламент мәжілісінің қарауында жатқан заңнама жақын арада мақұлданса, шалғай  ауылдардағы жағдай оңалатынына сенімді.

– «Жалғыздың үні шықпас» деген. Басқа түскен қиындықты шешумен өзіміз айналысып жатырмыз. Анығын айтқанда, дәрменсіз күй кешіп отырмыз. Ұялы операторлар жекеменшік компания болғандықтан, бұған аса бас ауыртпайтыны аян. Жоғарыда айтқандай, мәжіліске жолданған заң жобасында сапасыз жұмыс істейтін мобильді операторларға айыппұл  мөлшерін арттыру жөнінде арнайы бап бар. Егер  депутаттар осы заңды қабылдаса, онда аталған талапты бұзған операторлар бастапқыда – 10, одан кейін 1000-2000 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Қаржылай қысым  көрсетілсе, ғаламтор мен ұялы байланыс қызметі талапқа сай болады, – дейді Рустам Байжанов.

 Бұдан бұрын сенатта өткен үкімет сағатында сала министрі Бағдат Мусин бұл  ауылдарға интернет тарту, платформалар дайындау жұмыстарын сапамен емес, санмен жүргізіліп жатқанына компаниялар кінәлі екенін жеткізген еді. Мусиннің мәлімдеуінше, келеңсіздіктің жолын кесу үшін заңға өзгерістер енгізу керек.                                 

Бүгінде «Сандық Қазақстан – Ақылды қала» жобасы озат ойларды іске асырып, инновациялық жобаларды қоғамның барлық саласына енгізуді қажет етіп отыр. Қалалық жердегі барлық саладағы қызметтердің, жұмыстардың тиімділігін арттыруда электрондық және сандық технологиялардың ауқымы кең. Республика бойынша «Ақылды қала» стартап жобасын іске асыру бойынша Қарағанды Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі 3-орынға шықты. Алайда сандық жүйеге өтуге тұрғындардың сұранысы мол тұрғын үй- коммуналдық саласының кежегесі кері кетіп тұр. Шаhардағы «Қарағанды-Жарық» ЖШС-нің тек бір ғана  есептегіш құралдарының есебін көрсету қызметі толықтай қашықтан есеп беруге енгізілген. Өзгелері ескі жүйеден арылғысы жоқ.

Айтпақшы, жақында қала ішіндегі қоғамдық көліктерде электрондық  төлем жасау жүйесі қайта жанданатын болды. Алматылықтарға алты жыл бойы оңтайлы қызмет көрсетіп келе жатқан «Оңай» компаниясының құрылғылары кеншілер шаһарындағы автобустарға орнатылатын болды.  Бірақ, оның тиімділігін айтып жарнамалау әлі ерте. Оның үстіне жаңа нәрсенің таңсық мекенге бірден сіңісіп кетуі екіталай. Тұрғындар қауіпсіздігін қорғауда сандық технологиялардың алатын орны айрықша. Қазірге дейін облыс орталығындағы көшелерге 12 мың бейнебақылау  камералары орнатылған. Бұл көрсеткішпен тұрғындардың тыныштығын толық  қамтамасыз ету  әсте мүмкін емес. Бақылау камералары құқық қорғау саласындағы мекемелерге және көлік жолдарында, қалтарыстағы көшелерге  әлі де жеткіліксіздігін көрсетуде.    

Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде сандық жүйеге көшу мен сандық технологияның өмірге қаншалықты қажеттігін енді ғана жіті түсіндік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған жолдауында: «Цифрландыру бүгінде жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр», – деп атап көрсеткен болатын. Ал «Сандық революция кезеңінен» кейін қалып отырған біздегі  ауылдардың  даму көшіне қашан ілесері  белгісіз болып тұр.

Тегтер: интернет ғаламтор мәселе пандемия цифрландыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29