Әйтенов жергілікті кадрға таңдау жасады

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

06.10.2020, 09:55

785

Коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Шымкенттің бас дәрігерінсіз отырғанын «Жас алашта» біз бұған дейін де жазған едік…

Мегаполистің тізгінін ұстаған атқамінерлердің бас дәрігер болуға лайықты кадрды таңдауда осы жолы ұзағырақ ойланғаны рас. Бұл мәселеге денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген ардагерлер де үн қосты. Олар «денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетті түрде жергілікті кадрлардан қойылсын» деді. Тіпті талап етті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов осы пікірді ескерді ме, әйтеуір өткен аптаның соңында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысын тағайындады.  Жаңа бас дәрігер жергілікті жерден шыққан.

Республикалық мәртебе алған,  Шымкенттің денсаулық сақтау саласына басшылық жасаған  соңғы үш басшы сырттан келген кадр саналады. Алғашқы бас дәрігер Нұрлан Қасымов бұл лауазымға Павлодар облысынан келген болатын. Оның жұмысы бірнеше айға ғана созылды. Былтыр сәуірде мегаполистің медицинасы Асхан Байдувалиев деген азаматқа сеніп тапсырылды.  Байдувалиевті Оңтүстіктің топырағында туып өсті демесеңіз, жұмыс тәжірибесі өзге өңірде өрілген. Ол биыл наурызда қызметінен босады. Оның орнын Ақмола облысынан келген кадр Рүстем Албаев басты.  Албаевтың Шымкенттегі дәуірі екі-үш айдан асқан жоқ.

Албаев қызметінен кеткеннен кейін алдыңғы бас дәрігер Асхан Байдувалиевке қатысты тергеу амалдарының басталғаны белгілі болды. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қалалық №1 клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері бюджет қаржысын талан-таражға салды деп күдіктеліп жатқанын ақпарат құралдарына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов хабарлады.  Оларға 52 миллион теңгені талан-таражға салды деген айып тағылған. Дәлірегі, қос экс-басшы 2019 жылы S класты дәрігер-оториноларингологтің жұмыс орнына қажетті құрал жабдықты сатып алуда, қымбат бағаны көрсете отырып, қазынаның қаржысын жымқырғанға ұқсайды. Рас, тергеушілер екі айыпталушының аты-жөндерін атаған жоқ. Алайда қылмыстық істегі екінші фигуранттың қазіргі уақытта онсыз да істі болып жатқан Абылай Донбай екендігі түсінікті еді.

Денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің өз пікірлерін ашық білдіруіне осы жайт әсер еткен сияқты.

–Сырттан келген кадрлар жергілікті ахуалды жақсы білмейді. Ауруханалардың жағдайынан хабарсыз. Соның бәрімен танысып шығу үшін көп уақыт жоғалтады. Кейбір кадрлардың бар ойы Шымкентті тек баспалдақ ретінде пайдалану. Көлденең табыс тауып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға былығып жатқандары да жоқ емес. Осыларды ойлап отырсаң, намысың келеді. Жергілікті жерден басқарманың басшысы бола алатын бір кадр жоқ па? Бізде де тәжірибелі, ғылым кандидаттары, ғылым докторлары толып жатыр, – деген еді «Жас алашқа» берген сұхбатында ұзақ жылдар Шымкентте бас дәрігер қызметін атқарған,  «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Икрам Төлеев.

Осы кезден бастап, денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне қаладағы жекеменшік клиникалардың біріне жетекшілік етіп жүрген бір азаматтың кандидатурасының қаралып жатқаны айтыла бастады. Кейінірек, конкурс жарияланды. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөздің жаны бар. Ел айтып жүрген кадр ақыры мегаполиске бас дәрігер болды. Шамасы, қаланың бас дәрігерінің кандидатурасы конкурсқа дейін-ақ шешіліп қойылса керек.

Жаңа басшы Бақытжан Позиловтың жасы биыл қырықта. Осы өңірдің тумасы. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің аға мейіргері болып бастаған. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқытушылық қызметпен де айналысқан. «Дәрігер Орынбаев» медициналық орталығында бөлім меңгерушісі, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, бас дәрігері болып еңбек еткен. Күні бүгінге дейін «Медикер ЮК» медициналық орталығының бас директоры қызметін атқарып келген.

Қысқасы, үшінші мегаполис коронавирустың екінші толқынына жаңа дәрігермен кіргелі жатыр. Ал Шымкенттің алғашқы толқынды өте ауыр жағдайда еңсергені жасырын емес. Жаңа басшы Бақытжан Позилов әріптестерін жерге қаратпайды деген үміттеміз.

Қазіргі таңда мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының таратқан мәліметтеріне қарағанда, инфекциялық ауруханалардағы төсек-орынның 85 пайызы бос. Мобильді бригадалардың саны 211-ден 123-ке дейін азайтылған. Екінші толқынға дайындық қызу жүріп жатыр. Пневмония диагнозын анықтау үшін 3 компьютерлік томография аппараты мен 88 тыныстындыру аппараты сатып алынса, Денсаулық сақтау министрлігінен қосымша 156 аппарат жеткізіледі деген жоспар бар. Коронавирустық инфекцияны диагностикалау үшін осы жылдың наурыз айынан бастап, 6 зертхана іске қосылған. Әр зертхананың бір күнде 200-250 тест өткізуге қуаттылығы бар. Бұған қосымша тағы 2 зертхана сатып алу жоспарлануда. Ал провизорлы және инфекциялық стационарлардың дайындығы 3 сценарий бойынша жүргізілуде. Біріншісі – тұрақты эпидемиологиялық жағдай кезінде қаланың медицина ұйымдарында жоспарлы түрде 1380 төсек-орын дайындалған. Екіншісі – қолайсыз эпидемиологиялық жағдай туындаса,  төсек-орын саны 4025-ке дейін ұлғаяды. Үшіншісі – егер жұқпалы аурулар өршіген жағдайда төсек-орын 5496-ға дейін көбеймек.

Қарашада басталуы мүмкін деген екінші толқынның қандай сый әзірлеп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Десек те, мегаполистің медицинасына жауаптылар індетті ауыздықтауға сақадай сай екен

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 09:34
Бюджет жобасын халық жасайды
М.СӘУЛЕБЕК 09:31
Агроиндустриалды аймақ құрылады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:25
Күнгейдің көлеңкелі тұстары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 14:08
Алматы облысының полициясы қауіпті қылмыскерді іздестіруде
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 27.10.2020, 11:30
«Біз оны жұмысқа алған жоқпыз...»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 27.10.2020, 10:39
Трактор табанына тапталған балалар алаңы

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04