16.03.2021, 15:05
1240
Қарағандыда Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдалым өтті.
Кеншілер шаһарындағы қоғам белсенділерінің Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан есімімен атауды сұрап келе жатқанына бірнеше жыл болды. Еске сала кетсек, 2016 жылы сол кездегі облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков халық арасында Майқұдық аталып кеткен Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беруге атсалысатыны жөнінде жұрт алдында уәде берген-ді. Алайда бұл мүмкін болмады. Одан кейін өңірге әкім болған Ерлан Қошанов та бұл мақсатты орындай алмай, лауазымын өзгертіп, кетіп қалған. Биыл «сең қозғалғандай» болып, шенеуніктер бұл істі қолға алуға бекінген-ді. Майқұдықты Алаш көсемінің атымен атау үшін қоғамдық тыңдалым өтті. Карантин талаптарын бұзбау мақсатында 15 нысанда жиын өткізілді. Қоғамдық тыңдалымға 685 адам қатысты. Қатысушылардың басым бөлігі Октябрь ауданы атауының өзгеруін қолдаған. Әр нысанға 50 адамнан артық кіргізбегендіктен, көптеген тұрғындар есіктің сыртында тұрып күткен.«Жұмыстан сұранып келіп едім, дәл уақытында келсем де, «кешіктіңіздер, іште орын жоқ» деп, мәдениет үйіне кіргізбеді. Сыртта тосып тұрдық, кейін іштегілер шығып, көпшіліктің дауыс бергенін айтты. Қуанып қалдық», – дейді Октябрь ауданының тұрғыны Нұрлан Жұмабеков. «Октябрь ауданының атауын өзгертеді» деген хабар әлеуметтік желіде желдей ескен кезде желі қолданушылары арасында «босқа бюджет ақшасын шашқанша, елдің жағдайын жақсартпай ма» деген сыңайдағы пікір білдіргендер де болды. Алайда желіде отырып, батырлық танытқандар қоғамдық тыңдалымға келіп, пікірін білдіруге асықпаған тәрізді. Қоғамдық тыңдалымға жиналған 700-дей адамның тек он шақтысы ғана Октябрь ауданының атауын өзгертуге қарсы екендіктерін білдірген. «Қарағандыда, жалпы, Қазақстанда көше атауын өзгертуге келгенде кейбір адамдар қарсы шығады. Олар көше атауын өзгертуге қатысты шараны қолға алғанда қазақ басқа этносқа немесе көршілес мемлекетке қарсы деп есептейді. Бұл өте қате пікір. Біз мұндай шаралар арқылы тәуелсіздігімізді нығайта түскенді қалаймыз. Тіпті Ресейге қарасақ, большевиктер елді талай жыл билеген Романовтарға қатысты атаулардың барлығын жойып, өзгертіп жіберген. Әлихан Бөкейханға аудан аты берілуі тиіс. Дүниеге әлі талай Әлихандар келер, ал біз бірлігімізді, елдігімізді сақтап қалуымыз керек», – дейді қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов. Енді Октябрь ауданының атауын өзгертуге қатысты халықтың шешімін қалалық мәслихат депутаттары 26 наурыздағы сессияда қарайды. «Дауыс беру кезінде бұл бастаманы халықтың басым бөлігі қолдады. 26 наурызда қоғамдық тыңдалым қорытындысын қалалық мәслихат қараған соң, оны облыс әкіміне жібереді. Содан кейін облыс әкімі бұл шешімді республикалық ономастика комиссиясына жолдайды. Заң бойынша солай болады. Ономастика комиссиясы соңғы шешімді қабылдайды», – дейді қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов. Халық пікірінен кейінгі заң аясында өткізілетін шара сәтімен өтсе, елдің азаттығы жолында жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейхан есімі Октябрь ауданына беріледі. Дегенмен қарағандылықтар қазірден бастап бір-бірін құттықтап, бұл күресте жеңіске жеткендеріне қуануда.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР