Аймақ

Қарасораны жасырудың жаңа тәсілі: Шымкенттегі есірткі плантациясы

Есірткі айналымы туралы сөз болғанда қоғам көбіне дайын өнімді сату, тасымалдау немесе оны тұтыну мәселесіне назар аударады. Алайда есірткі бизнесінің тамыры одан әлдеқайда тереңде жатыр.

есірткі

Қарасора немесе құрамында психоактивті заттар бар өзге өсімдіктерді заңсыз өсіру – есірткі таралымының бастапқы әрі аса маңызды бөлігі. Соған байланысты Шымкентте «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері дақылдардың арасында бүркемеленген құрамында есірткісі бар шамамен 130 түп өсімдікті анықтады. Яғни заңсыз өсімдіктер көзге бірден түспеуі үшін кәдімгі ауыл шаруашылығы дақылдарының арасына отырғызылған. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері Шымкент қаласының тұрғыны жүргізген заңсыз әрекетті тоқтатқан. Тергеу материалдарына сәйкес ол өз үйінің аумағында каннабис тобындағы есірткі заттарын өсіруден бастап, оларды өңдеп, дайын өнім ретінде сатуға әзірлеуге дейінгі процестерді түгел дерлік ұйымдастырған. Зерттеу барысында гашиш пен марихуана секілді каннабис өнімдері дайындалғаны анықталды. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, өсімдік әлі өңделмей тұрып анықталса, оның кейін дайын өнімге айналып, сақталып, сатылып, ондаған немесе жүздеген адамның қолына түсуінің алдын алуға мүмкіндік болады.

«Тінту барысында ауыл шаруашылығы дақылдарының арасында жасырылған құрамында есірткісі бар шамамен 130 түп өсімдік табылды. Сондай-ақ шаруашылық құрылыстарынан 330 килограмнан астам есірткі шикізаты және әрі қарай сату үшін буып оралған дайын өнім тәркіленді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы – есірткіні өткізу мақсатында сақтау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, ықтимал өткізу арналары және заңсыз сызбаға қатысы бар басқа да күдіктілер анықталып жатыр», – дейді.

Қарбыз бен өзге де дақылдардың арасына қарасораны жасыру тәсілі де кездейсоқ таңдалмағаны анық. Ауыл шаруашылығы алқаптары немесе жеке үйлердің бақшасы сырт көзге күдік туғызбауы мүмкін. Әсіресе өсімдіктер тығыз орналасқан кезде олардың арасынан тыйым салынған дақылды бірден байқау қиынға соғады. Осындай жағдайда заңсыз әрекет кәдімгі егіншілікпен бүркемеленеді. Қылмыскер үшін бұл бақылауды әлсіретудің бір жолы болса, құқық қорғау органдары үшін тексеру мен анықтау жұмыстарын күрделендіретін фактор. Есірткі өсірудің қауіптілігі де осында. Дайын есірткіні сырттан әкелуге қарағанда, оны жергілікті жерде өсіру заңсыз нарыққа тұрақты шикізат көзін қалыптастыруы мүмкін. Бір аймақта мұндай тәжірибе кең тарала бастаса, есірткіні жеткізу арналарына тәуелділік азайып, жасырын өндіріс ошақтарының көбею қаупі туындамақ. Сондықтан көптеген мемлекет есірткіге қарсы күресте тек шекарадан өтетін жүктерді бақылаумен шектелмейді. Өсіру ошақтарын ерте анықтау, заңсыз плантацияларды жою және оларды ұйымдастырған тұлғаларды жауапкершілікке тарту есірткіге қарсы саясаттың маңызды бағытына айналған.

Әлемдік тәжірибе бұл мәселенің әр елде әртүрлі сипат алатынын көрсетеді. Мәселен, Латын Америкасының кейбір мемлекеттері ұзақ уақыт бойы кокаин өндірісіне пайдаланылатын кока өсімдігін заңсыз өсіру проблемасымен күресіп келеді. Ондағы тәжірибе есірткіге қарсы саясаттың тек өсімдіктерді жоюмен шектелуі жеткіліксіз екенін аңғартты. Себебі заңсыз дақылды өсіру көбіне кедейлікпен, тұрақты табыс көзінің тапшылығымен және шалғай аймақтардағы экономикалық мүмкіндіктің шектеулілігімен де байланысты болады. Бір плантацияны жойғаннан кейін оның орнына басқа жерде жаңа алқаптың пайда болуы – әлемдік есірткіге қарсы күрестегі ең күрделі мәселелердің бірі. Осыған байланысты бірқатар елдер құқық қорғау шараларын әлеуметтік және экономикалық бағдарламалармен ұштастыруға тырысады. Заңсыз дақыл өсірілетін өңірлерде фермерлерге балама кәсіп түрлерін ұсыну, заңды ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту сияқты тәсілдер қолданылады. Мұндай тәжірибе есірткі өсірудің кей жағдайда тек қылмыстық ниеттен ғана емес, табыс табудың заңды мүмкіндіктері шектеулі ортада пайда болатынын ескеруге мүмкіндік береді. Дегенмен бұл заңсыз әрекетті ақтамайды. Керісінше, есірткі проблемасына қарсы ұзақ мерзімді саясатта жазалау мен алдын алудың қатар жүруі маңызды екенін көрсетеді.

С.Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: Есірткі
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз