«Ақсақалы бар ел азбайды»

М.СӘУЛЕБЕК

21.05.2021, 13:35

1596

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кейінгі кездері аудан, қалаларға жасаған сапары барысында жергілікті ақсақалдармен кездесуді дәстүрге айналдырды. Жуырда өңір басшысы Сайрам ауданы ақсақалдарының талап-тілектерін тыңдады.  

      – Сіздер халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрсіздер. Өздеріңізбен дидарласып, тапсырмаларыңызды тыңдау  мен үшін мәртебе. Жергілікті мәселені сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Сіздер барын айтасыздар, – деді Өмірзақ Шөкеев кездесуде.

Сөз алған ақсақалдар кез келген мәселені дер кезінде талқылап, шешімін табуға болатынын айтты. Өңірдегі өзен-көлдерді ластап, экологияға зиян келтіріп жатқан кәсіпкерлердің әрекетіне шағымданды. Облыс әкімі маңызды мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын, табиғатқа зиян келтіргендердің әрекеті заң аясында тексерілетінін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ сансыз баптар мекені – Сайрам ауданының Түркістан қаласымен бірге дамуына күш салынатынын айтты. Шағын және орта бизнесті өркендету, инвесторлар тарту, инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Тарихы терең өңірде зерттеу жұмыстарын жүргізуге басымдық беріліп, алда ғалымдар мен жастардың қатысуымен үлкен экспедициялар ұйымдастырылатынын айтты.

Жалпы, Сайрам – халық тығыз қоныстанған аудан. Сондықтан бұл жерде билік пен қоғам арасында диалог орнату мәселесіне ерекше мән берілген. Осы мақсатта аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің бастамасымен «Парасат» пікірталас клубы құрылған.  «Парасат» пікірталас клубының негізгі міндеті – проблемалық мәселелерді ашық айтып, оның шешу жолдарын қарастыру, бұл іске қоғам болып атсалысу. Пікірталас клубының әрбір отырысында аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелер ортаға салынады. Бұған дейін отырыстарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу,  әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау, жастар арасындағы суицид пен ерте жүктілік мәселелері  талқыға салынған. Олардың бірқатары шешімін тапса, бірқатары тиісті орындарға жолданған.

 Өмірзақ Шөкеевтің Сайрамға жасаған сапары барысында ауданда алғаш рет бүйрек жеткіліксіздігіне ұшыраған науқастарға қызмет көрсететін  гемодиализ орталығы ашылды. Бұл –  мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан жоба. Нысан бұрынғы тойхана ғимаратынан ашылып отыр. Заманауи үлгіде жабдықталған медициналық орталықты ашқан жергілікті кәсіпкер 120 миллион теңге қаражат жұмсаған. Диализ залы ең озық медициналық қондырғылармен толыққан. Ауданда қазіргі күні гемодиализді қажет ететін 80 тұрғын бар. Олар  аптасына бірнеше рет аппаратта жатып ем алуы тиіс. Әрбір процедура 3-4 сағатқа дейін созылады. Жаңа орталық арқылы науқастар енді жол азабын тартпай, жақын маңнан ем алатын болады.

Ал мұның алдында, Жеңіс күні қарсаңында  арыстық кәсіпкер Рамазан Қадырқұл жекеменшігіндегі тойхананы ардагерлер үйіне айналдырды. Қаланың жаңа әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен ашылған ардагерлерге арналған «Белсенді өмір сүру» орталығында ардагерлер кеңесі мен спортпен шұғылдану аймағы орналасқан. Сонымен бірге қажетті жиһаздармен жабдықталған тұз шахтасы, сенсорлық бөлме, интернет-кафе, йога, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы ойындары мен кітапхана қызметін ұсынады. Жалпы, осы жерде  пандемияның халықтың сана-сезіміне тигізген оң әсерін де айта кеткен жөн шығар. Былтыр Шымкентте қаңырап қалған тойханалардың мектепке айналғанын жазған едік. Енді, міне, биыл тойханалардың бірі медициналық, бірі ардагерлерге қызмет көрсететін орталыққа айналып жатыр. 

Халқымызда «Ақсақалы бар ел азбайды» деген қанатты сөз бар. Жуырда Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың қоғамдық қабылдауына келген ақсақалдар спирттік ішімдік сатылымына тосқауыл қоюға ықпал жасау жөнінде өтініш жасады.

Жасұзақ Сыдықов бастаған топ бұған дейін ішімдік сатуды тоқтатқан елді мекендердің тәжірибесін алға тартты. Бұл елді мекендердің барлығында береке-бірлік салтанат құрып, қылмыс жасау, жұбайлардың ажырасуы,  бұзақылық деген атымен жоғалған. Елімізде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің саны 10-нан асқан.

Мұндай бастаманы ең алғаш Мақтаарал ауданында Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай елді мекенінің қариялары қолға алған. Қабылдауға келгендердің бірі, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейіткерім Мелдеханов өзі тұратын Бірлік ауылдық округі Табысты ауылында дүкен иелерінің әрбірімен жеке сөйлесіп, спирттік ішімдік сатпауға уәделескенін мәлім етті. Сонымен қатар қабылдауға келген Мансұрқожа ақсақал Атакент кентіндегі 11 дүкенмен арақ-шарап сатпауға келіскен.

Ақсақалдардың ендігі мақсаты – Мақтаарал ауданындағы 69 елді мекеннің барлығында спирттік ішімдікті сатуды азайту немесе мүлде жою. Осы арқылы  қылмыстың санын  азайтып, әрбір отбасыға құт-береке дарыту. Ақсақалдар осы мақсатты жүзеге асыру үшін аудан әкіміне спирттік ішімдік сататын кәсіпкерлерге ықпал жасауды сұрады. Аудан басшысы қариялар бастамасының өте орынды екенін айтып, заң аясында барынша қолдайтынын жеткізді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 24.09.2021, 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.09.2021, 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39