Ақшолақтықтар неге ашулы?

Нұрболат ӘЛДИБЕК

13.10.2021, 09:07

594

Байзақ ауданына қарасты Ақшолақ ауылының тұрғындары «Биыл ауылдарыңызға газ кіреді» деген билік өкілдерінің уәдесіне имандай сенгендері соншалық, тіпті кейбірі үйіндегі ағаш және көмірмен жанатын пештерін шығарып тастап, газбен жанатын қазандық орнатқан.

Айталық, ауылдағы 150 түтіннің 117-сі мердігермен келісіп, ақысын төлеп, ішкі желіні жүргізіп қойған. Бірақ, межелі мерзім келгенде, әдетінше, әкімдік «анау болды, мынау болды» деп уәдесінен тайқып шыға келген. Ашуға мінген ақшолақтықтар ауылдарына жақын күндері көгілдір отын кіргізілмесе, күре жол мен темір жолды жауып, наразылық білдірмекші. Ашулы жұрт бұл қадамға амалсыз барғалы отырғандарын айтады.

– Газ да жоқ, екеуі де жоқ. Не істерімді білмеймін. Енді жыл соңына дейін болса да кіргізіп береді деп күтеміз. Кіргізсе, кіргізіп берді, болмаса ауылдың бәрі жолды жауып, пойызды тоқтатамыз. Басқа амал қалған жоқ, – деген Ақшолақ ауылының тұрғыныМырзахан Сапарбаев наразылығын жеткізді.

Өз кезегінде көпбалалы ана Зағира Кәрібаева ақша төлеп, газ құбырын жүргізгенін айтады. Ол: «Биыл ауылдарыңызға газ кіреді, ертерек қамданыңыздар деген соң бес баламның аузынан жырып, 330 мың теңгесін төлеп, көшеден үйге дейін газ құбырын жүргіздік. Бірақ, әлі күнге дейін көгілдір отын келген жоқ. Бар ақшаны газға төлеп қойғандықтан, көмір ала алмай отырмыз. Газ кіреді деп сеніп қалып, көмір алмадық. Өзім жас босанып отырмын. Үй тастай суық. Плиткаларды тоққа сұғып, ағаш жағып, амалдап отырмыз», – десе, Қайрат Мәдиев есімді тұрғын:

– 2020 жылы кіріп қалуы мүмкін еді. Одан кейін 2021 жылдың аяғына дейін түгел аяқтаймыз деді. Енді келіп ақша бөлінбейтін болды дейді. Халық сеніп отыр ғой. Қаншама отбасы малын сатып, несие алып, 330 мың теңге төлеп, көшеден үйге дейін газ құбырын жүргізді. Оған қоса пеші бар, басқасы бар, қанша шығындалды. Енді келіп, күн суытып, жылу беру маусымы басталғанда, ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр, – дейді ашуға мініп.

Міне, осылай деп ашынған ауыл халқы тиісті орынның бәріне арыз жазыпты. Алайда, әзірге, еш нәтиже шықпаған. Амалы құрып, жолды жабамыз деп жүргендері содан болса керек.

Белгілісі: ауылдан үш жарым шақырымдай жерге магистральды газ құбыры келіп тұр екен. Содан елді мекенге қарай құбыр тарту құны 450 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл сомамен үш бірдей ауылдың шаруасы шешілмек екен. Алайда әкімдік «қолымызда ондай қаражат жоқ» деп күмілжи жауап берді. Тұрғындар наразылығын айтып, құзырлы мекемеге хабарласқанымызда Жамбыл облысы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Әйтбеков:

– Республикалық бюджеттен қаржының бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмысы тоқтап, Ақшолақ ауылына газ құбырын кіргізуге мүмкіндік болмады. Біз тағы 400 миллион теңгеге бюджетке өтінім дайындадық. Осы жылы сол ақшаны бөліп алсақ, онда Ақшолаққа газ құбырын толық әкеп береміз, – деп ақталды.

Өз кезегінде көпшілікті сабырға шақырған ол: «Биыл қаражат бөлінеді, жыл соңына дейін ауылдарыңызға газ қосылады», – деп тағы да уәдені үйіп-төгумен болды. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырдық.

Тегтер: мәселе түйін түйткіл қоғамдық орын әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Расул ЖҰМАЛЫ 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 19:38
Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
Бақыт ТІЛЕГЕН 20.10.2021, 18:42
Ерікті болу еріккеннің ісі емес
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31