Ауылдағы ағайын ауызсуға жарымай отыр

Мариям МАҚСАТ

27.01.2021, 09:30

1186

Павлодар облысы тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша көш соңында келеді. Жыл сайын су құбырларының құрылысына қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, сол сома сумен бірге ағып кетіп жатқандай. Себебі жаңа орталықтандырылған су жүйелерінен де, кешенді блок-модульден де еш пайда болмай тұр. Соның салдарынан тұрғындар таза ауызсуды тасып алу үшін қақаған аязда бірнеше сағаттап кезек күтуге мәжбүр.

«Былтыр Павлодар облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша – 45, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында сегіз елді мекенді сапалы ауызсумен қамту  жұмыстары жүргізілді. Оның 37 жобасы аяқталып, таза ауызсумен қамтылған ауылдар саны 49,9 пайызға жетті. Яғни 205 мыңға жуық ауыл тұрғыны (бұл – ауыл тұрғындарының 90 пайызы) таза ауызсумен қамтылды».

Иә, бір қарағанда биліктің ресми дерегі бірсыпыра істің басы қайырылғанын көрсеткендей болады. «Су тарттық, тұрғындардың үйлеріне қостық, бәрі таза ауызсуды пайдаланып отыр» дейді шенеуніктер. Бұл мәліметтер елімізде жаппай жүргізіліп жатқан бұқара алдындағы есеп беру кездесулерінде де ауыз толтырып айтуға жақсы болды. Бірақ мұның бәрі – бос сөз, құрғақ сандар. Шынтуайтына келгенде, ауылдағы ағайын ауызсуға жарымай отыр. Өңірдегі 210 елді мекеннің тұрғындары әлі күнге дейін суды құдықтардан, кешенді блок-модульдерден тасып жүр.

Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Павлодар ауданының Заря ауылында орталықтандырылған су жүйесі жүргізілді. 500-ден астам үйі бар ауылдың тұрғындары бұл құбырдан аққан таза ауызсудың қызығын бір айға жетер-жетпес уақыт қана көрді. Қаңтардың қақаған аязында тазарту қондырғысы істен шығып, қатып қалды. Үйлердегі краннан қоңыр түсті, жағымсыз иісі бар су аға бастады.

— Өз ауламыздан қазып алған құдықтың суы тұзды. Тамаққа қолдануға келмейді. Тұзды суды қайнатсаң, ыдыстарды бірден тот басып қалады. Орталықтан келетін суды пайдаланып, көзіміз ашылып еді. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Енді таза ауызсуды бұрынғыдай кешенді блок-модульден ала қояйық десек, ол да жоқ. Орталықтандырылған су желісін жүргізген соң, бұл модульді алып кеткен болатын, – дейді ауыл тұрғыны Камила Өскенбаева.

Мұндай жағдайда кешенді блок-модульден де қайыр жоқ. Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылындағы дәл осындай қондырғы істен шығып, жаңа жылда тұрғындар бірнеше күн бойы таза ауызсусыз қалған еді. Ол істеп тұрған күннің өзінде, тұрғындар далада сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Себебі бұл ауылдағы 400-ге жуық үйдің тұрғындарымен қатар, көршілес жатқан Мәмәйіт Омаров ауылының тұрғындары да Еңбектегі блок-модульден су алады. Былтыр бұл елді мекенге орталықтандырылған су құбыры тартылса да, оның суы ішуге жарамсыз көрінеді. Сондықтан бірнеше шақырым жердегі ауылдан су тасудан басқа амал қалмай отыр.

Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев бәріне өз ісіне немқұрайды қараған мердігер кінәлі дегенді айтқан еді. Айтуынша, алматылық компания былтыр жосықсыз мердігер деп танылып, енді оның орнына басқа құрылысшылар келуі тиіс. Айтпақшы, жұма күні Ақсу қаласының әкімі өз орнын бұрынғы мәжілісмен Нұржан Әшімбетовке босатып берді. Павлодар облысынан парламент мәжілісіне депутат болып сайланған Әшімбетовке осы шақырылымнан орын табылмай қалыпты. Сондықтан туған жеріне қайта оралып, Ақсу қаласының әкімін орнынан ысырды. Ол бұған дейін облыстағы Павлодар және Екібастұз қаласының әкімі болған еді. Енді экс-мәжілісмен ақсулықтарды әбігерге салған ауызсу мәселесін шеше алар ма екен?

Сіз бен біздің қалтамыздан төленетін салықтың есебінен осындай қаншама қаржы қарастырылып жатқанымен, іс жүзіндегі нәтиже көңіл көншітпей отыр. Бұл сұрақтардың жауабы шенеуніктер есебіндегі «әдемі» сандардан емес, елді мекендердегі жағдайдан көрініс табуы тиіс.

Тегтер: әкім жергілікті басқару тұрғындар халық жүйе жауапкершілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:05
Діннен тірек таба алмай адасқандарға ақпараттық түсіндіру тобы көмекке келуде
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 10:21
Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан үш адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:51
ШҚО-да қарттар үйінің лауазымды тұлғалары 7,4 млн теңге жымқырған
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 16:56
Жас таланттарды анықтайтын жоба
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 15:06
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 10:22
Қазақстанның бірқатар өңірінде бейсенбі күні бұршақ аралас жаңбыр күтіледі

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49