Билік кімді жақтап отыр?

Мариям МАҚСАТ

21.05.2021, 09:01

2342

Павлодар облысындағы Ақсу қаласынан шығаберісте үлкен ферма бар. Мұнда күніне 500-ден астам сиыр сауылып, олардың сүті өңдеу орындарына жөнелтіледі. Бірақ шаруашылықтың жанындағы тұрғындар ірі қара тезегінің иісінен кең тыныстай алмағанын айтып, шағымдарын білдіріп отыр. Бұған жергілікті шенеуніктер не дейді?

«Крон-Агро» деп аталатын шаруашылық осыдан бірнеше жыл бұрын бұрынғы автобазаның орнына тауарлы сүт фермасын салып, өсімдік шаруашылығын дамыту үшін суармалы алқап алған болатын. Бүгінде мұнда 1000-нан астам ірі қара бар. Оның тең жартысы сауын сиыр. Жұмысшылар тәулігіне 17 тонна сүт алады. Шаруашылықта барлығы 178 адам еңбек етеді.

Бір қарағанда қатардағы шаруашылықтардың бірі болғанымен, оған қатысты түйткіл көп. Алдымен Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов бұрынғы автокәсіпорын жерінің пайдалану мақсаты заңсыз түрде өзгертілгенін айтып, дабыл қақты. Кәсіпкерге жер берген бұрынғы қала әкімінің қаулысын жою үшін сотқа тиісті шағым да түсірді. Қазіргі уақытта бұл мәселені сот қарастырып жатыр.

Одан соң, сол шаруашылықтың маңындағы үйлердің тұрғындары фермадан жағымсыз иістің шығатынына наразылық білдірді. Тұрғын Дәлелхан Әбдіқалықтың айтуына қарағанда, қолқаны қабатын қолаңсы иістің қолайсыз болғаны соншалық – кейбір тұрғындар бұл маңдағы пәтерлерден көшіп кетуге бел буып отыр.

Мұндай көңіл толмаушылықтарға шаруашылық басшылығының айтар өз уәжі бар. «Крон-Агро» ЖШС директоры Дидар Бейсембаевтың сөзінше, тауарлы сүт фермасында кілең заманауи технологиялар қойылған. Тіпті малдың қиы бұл аумақта сақталмайды. Жерасты құбырлары арқылы алқаптарға қарай ағып, тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын көрінеді.

Ақсу қаласындағы билік, бизнес пен бұқара арасындағы мұндай түсініспеушіліктер қоғамның назарын аудартып, әлеуметтік тыныштықты бұза бастады. Сондықтан Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бұл іске облыстық қоғамдық кеңес мүшелері араласуы керек деп пайымдады. Аймақ тізгінін ұстаған шенеуніктен тапсырма түскені сол еді, белсенділер, экологтар мен депутаттар шаруашылыққа барып, жағдайдың жай-жапсарын зерделеді. Сөйтті де, «1200 бас ірі қарасы бар тауарлы сүт фермасында жағымсыз иіс жоқ» деген байламға келді. Кәсіпорынның жұмысына, оның дамуына кедергі келтірмеу керек екенін білдіріп, қоғамда туындаған теңсіздікке Ақсу қаласының әкімдігі кінәлі деген ұйғарым жасады. Анығы, «шаһар басшылығы бизнес пен тұрғындар арасында жасанды текетірес туындатты» деген қорытынды шығарды.

Сонда тұрғындар мен облыс әкімдігі жандайшаптарының иіс сезу қабілеттері әртүрлі болғаны ма? Сол маңдағы көпшілік сезетін жағымсыз иіс неге шенді-шекпенділердің мұрнына бармайды? Әлде бұл «үлкендердің» қол астындағы бизнестің сойылын соғудың кезекті амалы ма?

Не де болса сұрақ көп, ал оларға жауап жоқ. Қысқасы, қаланың дәл іргесінде үлкен шаруашылық ұстап отырған кәсіпкер сүттен ақ, судан таза. Есесіне жұртшылық «тырнақ астынан кір іздеп», өңір экономикасына сүбелі үлес қосып отырған шаруашылыққа шүйлігіп отыр. Қоғамдық кеңестің түйгені – осы.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.01.2022, 12:00
Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»
Мариям МАҚСАТ 20.01.2022, 08:53
Кім кімді алдады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.01.2022, 17:45
Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?
Қайрат Балабиев 19.01.2022, 16:57
Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 19.01.2022, 15:33
Шымкент: шығын әлі есептеліп жатыр
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 18.01.2022, 15:30
БҚО-да бір полицейдің мұрны қанамады

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48