20.10.2020, 04:17
718
Қарағанды облысы аумағында 19 қазаннан бастап, санитарлық бекеттер қойылды. Биліктің мұндай қадамға баруына өңірде короновирусқа шалдыққандар қатарының біршама артуы себеп болды. Аталмыш өңірде 18 оқушы COVID – 19 вирусын жұқтырған. Оның ішінде, 11 оқушы қашықтықтан оқитын болса, жеті бала мектептердегі кезекші сыныпта оқып жүргендер. Бүгінде сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарына және елу адамға дейін қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орындарына күнделікті кісі ағымы мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын бейнекамералар қойылуда. Тұрғын үйлердің кіреберісіне, жедел сатыларына, паркингтер мен балалар алаңқайларына күнделікті екі мәрте дезинфекция жасау жоспарлануда. Сонымен қатар 65 жастан асқан жандарға көп жүрмеуге кеңес берілуде.
Өңір короновирустың екінші толқынына дайын ба?..
Қарағанды облысына қауіпті кеселдің бірінші толқыны оңай соққан жоқ. Билік дайынбыз деп есеп беріп келіп, кесел күшейген тұста жұртқа қарапайым маска мен парацетамол тауып бере алмай, әбігерге түскен еді. Енді денсаулық сақтау саласы короновирустың екінші толқынына тас түйін дайындалғандарын жеткізді.
— Инфекция күшейген кезде, сырқат жұқтыру қаупі жоғары қарт адамдардың үйлеріне барып, медициналық көмек көрсету жағы қарастырылады. Ал диспансерлік тізімде тұрған ем алушылар үш айға жететін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Келесі аптада Жезқазғанда салынып жатқан модульді инфекциялық госпитальдің құрылысы аяқталады. Абай, Шахтинск, Балқаш, Теміртау қалаларындағы жұқпалы ауруханаларды жөндеу жұмыстары қарашаға дейін бітеді. Қазіргі уақытта облыс ауруханаларын заманауи құрылғылармен жабдықтау жүзеге асып жатыр, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаев.
Еске сала кетсек, Қарағанды облысында қауіпті кеселдің бірінші толқыны 279 адамның өмірін қиған-ды. Бүгінде аймақта короновирусқа шалдыққандар қатары 10382 адамға жеткен, оның ішінде 9931 адам кеселден сауығып шықты.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР