Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген

М.СӘУЛЕБЕК

10.06.2021, 17:45

650

Келер аптада Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына үш жыл толады. Осы үш жыл ішінде қарыштап дамудың жолына түскен шаһардың тіршілігінде үлкен өзгерістер бар. Әсіресе үшінші мегаполистің кірісі мен экономикасы айтарлықтай дамыған.

Мегаполистегі кірістер соңғы бес жылда, атап айтқанда 2016-20 жылдар аралығында, 53,7 миллиард теңгеден 145,3 миллиард теңгеге, яғни 2,7 есеге ұлғайған. Мұны Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов мәлім етті. Оның айтуынша, дамудың қарқыны қаланың республикалық маңызы бар статусын алғаннан кейінгі жылдары жоғарылап отыр. Биылдың өзінде кіріс көлемі 124,1 миллиард теңге болып бекітілді. Оның ішінде салықтық түсімдер 122,5 миллиард теңге, салықтық емес түсімдер 0,6 миллиард теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсім 1 миллиард теңгені құраған.

Басқарма тарапынан қала бюджетінің кіріс көздеріне егжей-тегжейлі талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 28,3 миллиард теңге қосымша кіріс көздері анықталып, 2021 жылдың наурыз айындағы қалалық бюджетті нақтылау барысында өзіндік кіріс көлемі 152,4 миллиард теңгені құрап, 22,8 пайызға ұлғайды.

Шымкентте өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 689 кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Осы салада 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Мегаполисте әсіресе жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл басынан бері 134,1 пайызға артып отыр. Республикадағы жеңіл өнеркәсіп өнімінің 20 пайызы Шымкентте шығарылады. Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсібін тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, былғары және оған жататын өнімдер өндіретін кәсіпорындар ұсынады. Қазіргі уақытта тоқыма өнеркәсібін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық мақтаны тұтыну үлесін ұлғайту және қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімін шығару мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Аймақтың инвестициялық портфелі жалпы құны 86,1 миллиард теңге болатын 44 жобадан тұрады. 4318 жұмыс орны құрылуда. Бүгінгі таңда 22 жоба іске асырылып, 32,6 миллиард теңге сомасына инвестициялар тартылды, 2282 жұмыс орны құрылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына қатысушы кәсіпорындар 82,1 миллиард теңгеге өнім өндіріп, өнімнің жартысынан көбін жақын және алыс шетелдерге экспорттаған.

Қала экономикасына инвестиция тарту да өзекті дүние. Өткен аптада шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірқатар мәселелер қаралды. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша, бес айдың қорытындысына сәйкес, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша 93,2 миллиард теңге игерілген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл

көрсеткіш нақты 20,7 пайызға артып отыр. Атап айтқанда: жаңғырту жобалары, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, «Оңтүстік», «Тассай» индустриалдық аймақтары, «Шымкент» ӘКК» АҚ арқылы жүзеге асырылатын сауда, көлік және әлеуметтік салаларға бағытталған жобалар бойынша инвестициялар игерілді.

Штаб отырысында «Шымкент» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Б.Канкин және инвесторлар жаңа жобаларын ұсынып, сол жобалар бойынша өзекті мәселелерді талқыға салды. Жиында «Юг PLASTIC KZ» ЖШС директоры Азизбек Турдиев өнім түрлерін ұлғайту, жаңа бағыттар қосуды жоспарлағанын мәлімдей келе, құрылыс материалдарына маманданған өндіріс орнына қосымша жер қажеттігін жеткізді. Дәл осындай мәселені көліктердің қосалқы бөлшектерін шығаратын «Марьям Ай» серіктестігінің басшылығы да көтерді. Мекеме басшысы Фараби Әбуов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер беруді сұрады. Сонымен бірге «КДЛ Олимп» компаниясының өкілі де өз өндірістерін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Жиында барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, сол бойынша тапсырмалар берілді.

Айта кетері, жуырда премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономиканың жеті көрсеткіші бойынша оң өсім Шымкент қаласы және Маңғыстау облысында байқалып отырғанын атап өткен болатын. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша қалада өнеркәсіп өнім көлемі 243,3 миллиард теңгені құраса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,4 пайызға жеткен. Бұл көрсеткішпен Шымкент еліміз бойынша бестікке кіріп отыр. Сондай-ақ пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 111,3 мың шаршы метрге жетіп, 6,3 есеге ұлғайған. Бұл көрсеткіштің өсімі бойынша үшінші мегаполис республикада көш басынан көрінді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!
Сайт әкімшілігі 07.06.2021, 15:06
Алматыдағы балалар оңалту орталығының экс-директорына қатысты сот үкімі шықты

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02