Министр штаб отырысын Шымкентте өткізді

М.СӘУЛЕБЕК

05.08.2021, 14:15

1235

Шымкентте денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен коронавирус инфекциясына қарсы республикалық штабтың отырысы өтті. Жиында үшінші мегаполистегі ковид індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал қаралды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Штаб отырысына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Шымкент қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының басшылары, аудан әкімдері  қатысты.

 Басқосуда баяндама жасаған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы басшыларының айтуынша, жыл басынан бері мегаполисте 17 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бүгінгі күнге дейін 11 мыңға жуық науқас емделіп шықты. Соңғы 14 күнде COVID-19 дертін жұқтырған науқастармен байланыста болған 374 азамат амбулаторлық бақылауға алынған. Бүгінде қалада 3180 мамандандырылған жұқпалы аурулар төсегі бар, толымдылық 73 пайызды құрайды. Екпе салатын 45 бекет жұмыс істейді. Вакцина алуға тиіс 536 мың адам болса, І компонентті олардың 68 пайызы, ІІ компонентті 49 пайызы қабылдаған. Тұрақтандыру қорынан дәрі-дәрмектер сатып алуға 200 миллион теңге, дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында қалалық әкімдік резервінен бес түрлі дәрі-дәрмек сатып алуға 180 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінген. Жиын соңында денсаулық сақтау министрі барлық бағыт бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, мемлекет басшысының медициналық мекемелерді жарықтандыру, науқастарды емдеу әдісін енгізу және басқа да өзекті сұрақтарды шешу бойынша тапсырмаларды орындау жұмыстарын күшейту қажет екенін жеткізді.

Штаб отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаятқызы стационарлар мен емханалардың жұмысын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтты. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова эпидахуалды тұрақтандыру бойынша  кеңестер берді.

Індет  кезінде медицина саласына түсіп жатқан ауыртпалық еселей түсті. Осындай қиын кезеңде өңірлердегі дәрігерлерге  көмек пен қолдау көрсету маңызды. Әсіресе індетпен күресуде  кәсіби мамандардың беретін тың әдіс, тиімді тәсілдер жөніндегі кеңесінің орны бөлек. Алексей Цой осы жолғы сапарында шымкенттік дәрігерлерге  әдістемелік көмек көрсетті. Осы мақсатта ол жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен, бірқатар емханалардың дәрігерлерімен кездесулер өткізді. Ал мұның алдында Шымкентке келген бір топ кәсіби маман ковидпен күрес барысымен танысып, жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар айтты. Шымкенттік бас дәрігерлер денсаулық сақтау министрі бастап келген мамандардың сапары қаланың денсаулық сақтау жүйесі үшін өте пайдалы болғанын айтты. Білікті мамандардан кеңес алу тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасын табады.

А.Цой сондай-ақ  қаладағы халықаралық стандарттарға сәйкес, қызмет ететін жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы Call орталығының жұмысымен танысты. Орталықта бір ауысымда 30 диспетчер жұмыс істейді.

«Эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты  қазір  жедел жәрдем қызметіне күніне 5000-ға жуық қоңырау келіп түсуде», – дейді  орталықтың бас дәрігері Г.Құрманбекова.  Соған қарамастан, жедел жәрдем қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп жатыр.

        А.Цой пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің  еңбегін жоғары бағалап,  алғысын білдірді. Министр №3 қалалық емханаға арнайы барды. Емдеу мекемесіндегі екпе егу кабинеттерін тексеріп,  вакцинациялау жұмыстарының барысын көрді.

№3 қалалық емханада алғашқылардың бірі болып екпе егу кабинеті ашылған. Мұнда күніне 500-ден астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынады.  Сондай-ақ министр емхана жанынан құралған мобильді бригадалар жұмысымен де танысты. Мобильді топ қызметкерлері емханада тіркелген науқастарға үй жағдайында амбулаториялық медициналық көмек көрсетеді.  Емхананың бас дәрігерімен сұхбаттасқан Алексей Цой науқастарға көрсетілетін қызметтер емхана деңгейінде күшейтілсе, ауруханаға түсетін пациенттер санын азайтуға болатынын айтып, мобильді бригадалар санын көбейтуді тапсырды.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39