Н. ҰРАНХАЕВ: Семейдің өзекті мәселесі жетерлік

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

21.06.2022, 10:40

2087

Абай облысының су жаңа әкімі Нұрлан Ұранхаев тағайындалғанына апта өткенде, облыс орталығы – Семей қаласының жай-күйімен танысуға шықты. Әкімнің алғашқы қадамы «Теплокоммунэнерго» МКК-іне қарасты қаланың жылу қазандықтарын аралаудан басталды.

Жылудың жайын «жылап» жүріп айтты

Облыстық мәслихат депутаты, осы мекеменің басшысы Азат Сарпеков бастаған жылуға жауапты топ алғашында журналистерді Нұрлан Тельманұлы жиналыс өткізуі мүмкін екенін «болжап», кеңсесіне кіргізгенімен, онысы орындалмай қалды. Облыс әкімі бөлмеге қамалмай, ЖЭО-1 қазандығының бөлімін аралауды бастап кетті. Жылу мекемесінің басшысы Семей қаласының алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарында бірқатар машақаттарға тап болып отырғанын жасырған жоқ. Қазандықтарды көмірмен қамтамасыз ететін «Қаражыра» кәсіпорнына қала бюджеті 650 млн теңге берешек болса, оның 106 млн-ы  қаладағы білім нысандарына тиесілі. Дегенмен 250 млн теңгесін маусым айының соңына дейін төлеу жоспарланып отыр.

А.Сарпековтің жіпке тізіп, «жылап» жүріп айтқан мәлімдемесінен ұққанымыз, соңғы жылдар ішінде кәсіпорын түрлі қаржылық тығырықтарға тап болып жатыр. Дегенмен көмір ұрлығын болдырмау, алдын алу мақсатында біршама қадамдар қолға алынған көрінеді. Айтпақшы, қала ішіндегі жылу жүйелерінің жуан трубаларына оралған иззоляциялық қаптаманы қыс кезінде кезбе-қаңғыбастар жұлып жамылып, ұйықтап шығады екен. Енді, соған тосқауыл қою үшін тағы бір қосымша сапалы, әркім жұлып әкете бермейтін қаптамаға қол жеткізілген көрінеді. Демек, «бомждарға» ендігі қыстан қысылмай шығудың басқа амалдарын қазірден қарастыра берген жөн сияқты.

Жалпы, алдағы жылу беру маусымына дайындық үшін ЖЭО-ны қайта құруға және биыл жөндеуге 3,806 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 2,002 млн теңге сомасына екі қазандықты қайта жаңарту көзделген. 630,6 млн теңге 14 жылу көзін ағымдағы жөндеуден өткізуге жұмсалатын болады.

Жылдар бойы жылуға зар...

Тап осы ЖЭО-1 орталығынан таяқ тастам жердегі Мелькомбинат көшесінің 3, 4, 10, 11 үйлерінің тұрғындары кезінде дүрілдеп тұрған ұн-құрама жем комбинаты жабылғалы далада қалғандарын айтып шағынды. Жиылған қауымның алдына арнайы келген облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев мәселенің мән-жайына молынан қанықты.

 1990 жылы орталық жылудан ажыратылған қос қабатты үйде тұратындар қыста пеш жағып, екінші қабатқа көмір тасып әуреге түседі. Өткен жылы мұндағы үйлердің бірінен өрт шығып, әп-сәтте үңірейіп шыға келген болатын. Өрт қауіпсіздігін сақтауға барынша тырысқанымен, мұндай баспаналарда тұру ешкімнің басына тілемейтін жағдай екені шындық. Әрі қаланың сол жақ бөлігіндегі басты аудандарда мұндай проблеманың орын алып отырғаны ақылға қонымсыз көрінетіні рас.

«Біз орталық жылыту жүйесіне қосылмағанбыз. Бұрын бізде жылу мен ыстық су болған. Ұн-құрама жем комбинатының кәсіпорны жұмысын тоқтатқан соң ешкімге керек болмай қалдық. Пешті өзіміз жағамыз. Қарттар үшін жүріп-тұру да қиын. Оған қоса отынды тасып, екінші қабатқа көтеруіміз керек. Үйлердің өзі ағаштан салынған, кез келген уақытта өрт болуы мүмкін. Жақында үйлердің бірінде өрт болды», – дейді тұрғындар.

Қазір бұл мәселені шешу үшін Семей қаласының әкімдігі тұрғын үйлерге жылу жүйелерін салудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кіріскен жайы бар.

«Бір мезетте бәрі шешіле қоймайды. Барлығын біртіндеп орындалады. Біз жұмысты осы жылы бастауға және аяқтауға тырысамыз. Ең бастысы жылыту мәселесін шешу керек», – деп сендірді Нұрлан Ұранхаев.

Жаңа облыста 17 басқарма болады

Жылу қазандықтарын, тағы да бірқатар нысандарды аралап шыққан облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы Ертіс жағасында тұрып, БАҚ өкілдерімен ашық кездесу өткізді. Бәрі де тез арада шешіле қоймайтынын жасырмаған Ұранхаев Семейдің жалпы жағдайында қордаланған мәселелер баршылық екенін мәлімдеді. Әлі командасын қалыптастырып үлгермеген басшыға әрине, бірден бәрін жалғыз өзі еңсеріп, қиындықты жеңуі мүмкін емесі түсінікті.

– Абай облысында тиісті салалар бойынша 17 басқарма құрылатын болады. Қазір облыстық мәслихат толықтай заңды тіркеуден өтті. Ал аудандарға сапар жайын Ақсуат пен Көкпекті аудандарынан бастау жоспарымда бар. Өйткені Ақсуат жаңадан құрылған аудан болса, Көкпекті ауданының қазіргі әкімі өз еркімен басқа қызметке ауысуға өтінішін берді. Осы екі ауданның басшыларын тағайындаған соң ары қарай да жұмысымыз ретімен жалғаса беретін болады. Бұл тұрғыда журналистер, сіздермен бірлесе жүріп қолдауларыңызбен қатар ұсыныс-пікірлеріңізді де ескеретін боламыз, – деген өңір басшысы қай уақытта болсын, барлық сұраққа жауап беруге даяр екенін аңғартты.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.06.2022, 11:44
Қарағанды облысында кәсіпкерлер саны өсуде
Сайт әкімшілігі 22.06.2022, 09:49
Абай облысында орман өртеніп жатыр
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.06.2022, 08:30
Отставкіге кетуге дайын
Б.СӘРСЕНБІ 17.06.2022, 16:20
Тасқынның тақсіретін тартпаймыз десек...
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16.06.2022, 13:30
Шет ауданында мал қырылуда
Сайт әкімшілігі 15.06.2022, 10:42
Қарғандыда қолдағы рухани қазынасын өзгеге сыйлауды жөн көретін жандар артып келеді

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33