Ота жасатып, опық жеме...

Ажар ОРЫНБАСАР

02.11.2021, 14:50

1499

Бұрын дәрігер мен полицияға күнің түспесін деп айтушы еді. Қазір отаға өзі ізденіп, пышаққа өз аяғымен барып түсетіндер саны күрт өсті. Олай айтуымыздың себебі – жаратылысын жасандылықпен ауыстырған жандардың жанталасы. Бәрі мінсіз мүсін иесі, ботадай көз бен шиедей ерін, қыр мұрыны бар сұлу жанға айналсам дейді. Құдды бір ертегідегі қуыршақтай. Сұлулыққа ешкімнің таласы жоқ. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылатын сұлу сүйгіштер оның зардабын ескермейтін секілді. Айтып отырғанымыз – өзекті болып отырған «пластикалық ота» жайлы…

Пластикалық ота – адамның сыртқы дене мүшесіне жасалатын хирургиялық ем-шара. Пластикалық отаны ерікті (эстетикалық) және еріксіз (реконструктивті) деп екіге бөледі. Еріксіз түрі әдетте адам тәніндегі кемістікті, тыртық не күйікті емдеу үшін жасалса, ал ерікті ота адам тәні сау бола әсемдік үшін кейде кәрілікпен күрес үшін жасалады. Қазір өзекті болып отырған түрі де осы соңғысы.

Қазақстанда жиырма жыл бұрын эстетикалық медицина нарығы мүлдем жоқ еді. Соңғы жеті-сегіз жылдықта елімізде осы сала қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2015 жылдың аяғында ел бойынша 50-ден аса пластикалық хирург болса, қазір елімізде сертификатталған 200-ден астам хирург маман бар. Бұл дегеніміз – бүгін мен болашақта пластикалық хирург мамандарға сұраныс көп деген сөз. Әңгіме онда емес. Көппен көріп, естіп жүрміз. «Бетімді тарттырдым», «ерін үлкейттім» деген сөздер «шаш қысқарттым», «шай іштім» деген секілді қалыптасып кетті. Бұл қаншалықты дұрыс?

Әдетте бетін бояуға, жылтыр киінуге қыздар құмар болушы еді. Ал қазір тепсе темір үзетін жігіттердің өзі сән қуалап, сан түрлі сән орталықтарын жағалауда. 2017 жылы мамандар пластикалық отаға жүгінушілердің 90 пайызы әйел адамдар деген дерек келтірді. Бұл статистика жылдан жылға өспесе тоқтаған емес. Ал тәжірибелі пластикалық хирург Еділ Серікұлының айтуынша, бүгінде әйел адамдардан бөлек отаға келетін ер адамдардың саны артқан. Қазір пластикалық отаға жүгінетіндердің 70%-ы әйелдер болса, 30%-ын ер адамдар құрайды. Көпшілігі дене-сымбатындағы мінді түзетуге, құлақты тартуға, қабаққа қатпар салуға әрі артық майдан арылуға жүгінеді. Мәселен, пластикалық ота жасатқан Аслан (аты-жөні өзгертілді) өзіне деген сенімділікті арттыру үшін осындай қадамға барғанын жасырмады. Бұл шешіміне ол ұзақ уақыт ойланған әрі өз таныстарының отаға жүгінгенін көрген. Артынан екі қабағына қатпар салып, сымбаттылығын арттырғанын айтты. Сұлулық жанмен емес, тәнмен өлшенетін заман жақындады ма дейсің?!

Психологтардың айтуынша, бет-әлпетіне көңілі толмайтын адамдарда «дисморфофобия» деп аталатын психологиялық ауытқушылық болады. Мұндай жағдайда адам көбінесе өзін қабылдай алмайды, дене сымбатынан ұялады, кемшіл тұстарын көп айтады. Соның салдарынан адамның үнемі өз-өзіне көңілі толмайды. Ал мұндай жандардың ота жасатқаннан кейін де пікірі өзгеруі екіталай.

Медальдің екі жағы бар демекші, пластикалық ота көріктілікті арттырғанмен, оның да айтарлықтай зардабы баршылық. Кез келген ота секілді, пластикалық хирургия – сау адамның денесі үшін стресс. Көп жағдайда адамдар ауыр және ұзақ реабилитацияға, инфекцияға, тыртықтарға және нерв жүйесінің зақымдалуына дайын болмайды. Ең өкініштісі ешбір дәрігер пластикалық отадан кейінгі пациент денсаулығына кепілдік бермейді. Өйткені отадан кейінгі процесс адамдарда әртүрлі өтеді.

Пластикалық хирург Еділ Серікұлы эстетикалық отаның кімдерге қарсы көрсететілгенін, қандай жағдайда ота жасауға қатаң тыйым салынғанын айтқан болатын. Дәрігердің айтуынша, ең бірінші аллергиясы бар адамдарға, көзінің көру қабілеті өте нашар, көз бен қан қысымы жоғары, созылмалы аурулары бар науқастарға, қант диабеті, онкологиялық ауруларда ота жасауға тыйым салынады.

Ота жасаудың ең қауіпті формасы – адамда аллергияның болуы. Егер бұлшықеттегі инъекциядан кейінгі зат аллергиялық реакция тудырса, отаның салдары өте ауыр болады. Екінші қауіпті жағдай «тромбоэмболия» деп аталады. Тромбоэмболия – пластикалық ота жасатқан пациенттерде сирек кездесетін асқыну болғанмен, дәрігерлер оны өлімге әкелетін ең қауіпті жағдай ретінде қарастырады. Яғни тамырларда қан ұйығыштар пайда болып, кейіннен ыдырап, өкпеге барғанда өкпе артерияларының бітелуі пайда болады. Нәтижесінде адамның тыныс алуы нашарлайды. Сондықтан артық майдан арылу (липосакция) және қарын тарту (абдоминопластика) отасының салдары осы жағдайға әкелуі мүмкін.

Еске салсақ, 2019 жылы Қаскеленде 59 жастағы әйел бетінің терісін тарттырып, иек липосакциясынан кейін комаға түсіп, 11 күннен кейін көз жұмған еді. Зерттеу қорытындысында, азаматшаның өліміне май эмболиясы себепкер болғаны анықталды. 2020 жылы да осыған ұқсас жағдай орын алып, 36 жастағы төрт баланың анасы қайтыс болған. Ол кісі тері астындағы майын алдырмақшы болған, тіпті оған дейін Мәскеу мамандарынан да кеңес алған. Нәтижеден соң, ота жасатқан медицина орталығында тергеу жұмыстары жүргізілген.

Келесі қауіпті жағдай – отадан кейін жараның айналасында қан ұюдың пайда болуы. Көп жағдайда ерін мен омырауға жасалатын ота салдарынан туындайды. Әйел адамдарда жараның бітуі тез қалпына келгенмен, бұл тәуекелді ер адамдар ескеруі керек. Себебі, ер адамдардың ішінде кеудесін хирургиялық жолмен кішірейту танымал бола бастады. Ал оның салдары жүйке ұштарының зақымдануына әкеледі. Отадан кейінгі тыртықтардың адам денесіне өзгеріс әкелетінін есте ұстаған жөн. Мәселен, артық майдан арылу отасынан кейін май жасушалары зақымдалады және адам салмақ қосқан жағдайда май арқаға не қолға жиналады. Бір отаның салдары адамның бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін.

Соңғы жылдары елімізде ең көп жасалып жүрген отаның бірі – қабаққа қатпар салу, медицина тілімен айтқанда «блеферапластика» екен. Аталған отаның тиімділігі сондай, қалтасында қаражаты бар кез келген адам жасата алады. Сонымен қатар омырауды үлкейту (маммопластика) мен артық майдан арылу (липосакция), мұрын формасын өзгерту (ринопластика) оталары да жиі жасалады. Сәйкесінше, нарықтағы баға да әртүрлі. Орташа есеппен блеферапластика жасату – 100 мың теңге, мұрынға жасалатын ота 700-800 мың, ал бетті тарттыру 500 мың теңгеден басталады. Ал сән салондарында косметологтар жасайтын жіппен қабаққа қатпар салу процедурасы 40-50 мың теңгеден басталады.

Көзі қысық, мұрны пұшық бала қайдан келді деп, өз ұрпағына өзі таңғалатын күнге жетпес үшін ота жасап, опық жемей тұрғанда деннің саулығын ойлауды қазірден қолға алған дұрыс.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30