Қарағандының бас жоспары неге мелшиіп тұр?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

17.03.2021, 09:08

935

Кеншілер шаhарының сәулеттік келбетін қайта жаңартуға және абаттандыруға арналған бас жоспар 2007 жылы әзірленген. Алайда ол 14 жылдан бері құжат жүзінде қалып отыр. Кеңес кезеңінен бері сәулеті әрленбеген көне қаланың бейнесі шау тартып, сұрғылт  түсі солғын тартып  тұр. Қала үкімет сонау 1968 жылы бекіткен жоспармен «өмір сүріп» келеді.   Арада 30 жыл өткенде өндірісті қаланың «көйлегін жаңарту» мәселесі көтеріліп, 1998 жылы жаңа жоспар жасалу қажеттігі айтылған-ды. Бірақ бұл  қайырлы бастама  қаржы қаттылығына байланысты іске аспай қалды. Ал 2007 жылы еліміздің үшінші мегаполисі атанады деген үмітпен жасалған бас жоспар әлі күнге дейін сиырқұйымшақтанып келеді. Ол кезде қала халқының саны миллионға жетеді деген болжам жасалған. Меже бойынша жаңару жоспарын бес жылда үш кезең бойынша сатылап жүзеге асыру көзделген.  

Соңғы жоспарды еңсерудің  есепті кезеңінің аяқталғанына да алты жыл болды. Содан бері  жоспардың 70 пайызы орындалмаған. Гәп – қаражаттың қолбайлауынан емес, жұмыстың жіті жүрмеуінен. Қазір Қарағандының   төртінші мегаполис болуға әлеуеті жетеді. Әкімдердің есебіне сүйенсек, «қаланың 2020 жылғы бюджеті 114,6 млрд теңгені құрады, оның  50,7 млрд теңгесі немесе 44,2 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі нысандарды қаржыландыруға бағытталған». Сонда қарама-қайшылық неде?

                                    Құжатта бар, өмірде жоқ

Бас жоспар бекіген тұстағы  деректерге назар аударсақ, 2015 жылға қарай 17 білім беру, 9 денсаулық сақтау, 8 кітапхана, 25 спорт кешені тұрғызылып,  4 ЖЭО пайдалануға берілетіні мақұлданған.  Бұған қоса,  жаңа кәріз жүйесі салынатыны хабарланған.

Даму жоспарында сондай-ақ  коғамдық және әкімшілік-іскерлік облыс орталығы Спасск тас жолы мен 7-магистралі қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жаңа құрылыс ауданына көшірілетіні айтылған. Орталық коммуналдық аймақта технопарк, ғылыми және эксперименттік технологиялық орталықтар және көрме кешендерін тұрғызу күтілген. Денсаулық сақтау мекемелері аумақтардан көшіріліп, жаңадан орталық көпбейінді емдеу-сауықтыру кешені салынатыны жазылған. Осыған қарағанда жоспардың 10-15 жылға ұласатынын ескерсек, Қарағандыны алда қыруар шаруа күтіп тұр. Ал ол қашан еңсерілетіні әлі беймәлім.

Аталған мәселені жүйелі зерттеген әріптесіміз Қызғалдақ Айтжан төмендегідей пікірімен бөлісті.

– Осы арада Нұрсұлтан Назарбаев айтқан Қарағандының миллионерлік мүмкіндігін де еске түсіргіміз келеді. «Мен Қарағандының миллион тұрғыны бар қала болғанын армандар едім. Қазір біздің Алматыда 2 миллионға жуық, Астанада – миллион, ал 2030 жылдарға қарай 2 миллион болады. Шымкент – миллионерлер қатарында. Енді келесі мегаполис Қарағанды болуы тиіс. Ол үшін халық еңбек ететін кәсіпорындарды дамыту қажет», – деген-ді экс-президент Қарағандыға келген сапарында.

Айтқандай, бас жоспардағы жобалар да кезінде Назарбаевтың біздің өңірге жасаған сапарында назарға ұсынылған. «Мен осы жерде жұмыс істеген кезімде Қарағандының астында, яғни қазір әкімдік орналасқан жерде миллиард тонна сапасы жоғары көмір бар екенін білетінмін. Сонау 1970 жылдары КСРО көмір өнеркәсібі министрлігі осы көмірді шығару үшін қаланы оңтүстік-шығысқа көшіру туралы идеясын ұсынған. Бәрі бірден бола кетпейді, әрине, алайда әдемі жаңа орталық керек», – деген еді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.

Сол уақытта бас жоспарға тағы бір мәрте жаңа көзқараспен қарау керектігін шаhардың сол кездегі мэрі Нұрлан Әубәкіровке жүктегенін білеміз. Одан бері де арада екі-үш жыл өтті. Бас жоспарға қандай өзгеріс енгізілгенін білу мақсатында біз қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған болатынбыз. Ондағылар апта салып күттіріп, ақыры жауап беруден тайсақтап құтылды.

Мұның алдында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде осы тақырыпқа байланысты жазылған мақалаға қала әкімдігінің өкілдері мынадай жауап қайтарған екен (басылым бетіндегі сол үзіндіні  қаз қалпында беруді жөн көрдік). «Қарағанды қаласының бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы №1205 қаулысымен бекітілген. Бүгінгі күнде бас жоспарға өзгерістер енгізілген жоқ. Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарына сәйкес, бас жоспар 10-15 жылдық кезеңге әзірленген. Бас жоспарда қаланың келешектегі даму бағыты – оңтүстік, Алматы және Қызылорда бағытын қамтитын оңтүстік айналма жол бойы, солтүстік – бас қалаға бағыт және шығыс – Трудовой және Үштөбе ауылдарына қарай. Сондықтан бас жоспар осындай жылы толық орындалады деп, дөп басып айту қиын».

Қалай десек те, Әубәкіров кейінге ысырып,  болашағы бұлдыр тартқан бас жоспарды еңсеруді енді жаңа әкім Ермағанбет  Бөлекбаев бастап берсе берекелі іс болар еді.

Тегтер: Бас жоспар өзгеріс Қарағанды әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 15:52
«Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағы аумағында құрылған ірі бітімгершілік күштердің бірі»
М.СӘУЛЕБЕК 14:15
Министр штаб отырысын Шымкентте өткізді
Б.СӘРСЕНБИ 12:59
Түркістанда 25 тойхана жабылды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 09:18
Қашпаған сиырдың уызынан дәметіп отырмыз
Сайт әкімшілігі 04.08.2021, 16:32
Алматы облысында демалыс күндері локдаун жарияланады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.08.2021, 12:03
Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58