#Qazaqstan30: «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 19,8 млрд теңге игерілді

Еңлік АБАҒАН

10.11.2021, 10:31

285

ҚР тұңғыш трезиденті Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективті ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бағдарлама аясында Алматы облысында ауылдық жерлерде қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасында екі жылда 25 ауыл қамтылып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 19,8 млрд теңге игерілді. Екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 17 мектеп, 4 мәдениет үйі, 3 денсаулық сақтау нысаны, 97 км инженерлік желілер, 138 км ауылішілік жолдар жөнделді. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында сумен қамту, ауылішілік жолдарды, тротуарларды жөндеу, көше шамдарын орнату бойынша 12 жоба іске асырылды. Сол сияқты мектеп, 2 балабақша, мәдениет үйі жөнделді. 

Жалпы екі жыл ішінде «Ауыл — Ел бесігі» жобасымен өңірдегі 25 ауыл қамтылды. Атап өтсек, мәдениет және спорт салаларында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының, «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында 18 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, 3 нысан биылғы жылы аяқталады. Сол сияқты Қарасай ауданының Райымбек ауылында, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында, Көксу ауданының Балпық би ауылында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Соңғы 5 жылда 11 ДСК салынды, биылғы жылы тағы 5-еуінің құрылысы жоспарланған.

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды бақылауға алған депутаттық топ аудандарға жұмыс іссапары басталды. Жұмыс тобы алдымен Жамбыл ауданына қарасты Тарғап ауылына келді.

Ең алдымен облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев пен «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттық фракция мүшелері осы ауылдағы Тарғап орта мектебінің ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Тарғап орта мектебі 392 оқушыға арналған. Күрделі жөндеу жұмысы биылғы тамыз айының аяғына таман басталған. Қазіргі кезде мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр. Бас жобалаушы ұйым – «Темірқазық-Стройпроект» ЖШС. Мердігер мекеме – «Бауыр Құрылыс Компаниясы», техникалық қадағалауды «АДС САПА» ЖШС жүзеге асырады.

Нысанды аралап, жұмыстың сапасына және құрылыс талабына сай болуына жіті назар аударған Жанболат Жөргенбаев бірқатар кемшілікті байқап, сын-ескертпе айтты. Оларды түзетуді мердігер ұйымның басшылары мен жауапты мамандардан талап етті. Мәселен, жаңа терезелерді орнатқанда қабырғамен екі арада қалған қуыстың пенаплекспен толтырылғанын байқап, оны кірпішпен қайта бекітуді тапсырды.

«Ғимарат ішіндегі дәретханалардың есіктері енсіз, балалар бір қырымен кіретіндей өте тар. Соны қайтадан кеңейтіп, ыңғайлы етіп жасау керек. Мектептің мәжіліс залында жөндеу басталғанға дейін сыртқа шығатын қосымша есік болған, алайда құрылысшылар оны бекітіп тастапты. Оны қайтадан ашу керек. Себебі белгіленген нормативтер бойынша сыйымдылық саны 80 орыннан асатын болса, мұндай ғимаратта оқыс жағдайда адамдарды сыртқа жылдам шығару үшін эвакуациялық есік болуы қажет. Сонымен қатар, кейбір бөлмеаралық қабырғалардың гипсті-картон материалдарымен бөлінген. Неге?» – деген мәслихат хатшысы жобалау-сметалық құжаттамада ол қабырға кірпішпен қалануы тиіс болса, ол неге басқа материалмен тұрғызылғанын сұрап, гипсокартонды алып тастап, орнына кірпіш өрілуін шегелеп айтты.

Жалпы құрылыс қарқыны жаман емес, кестеден кешігу байқалмайды. Нысанды келесі 2022 жылдың 30 сәуіріне пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінде жұмыстың 70 пайызы орындалыпты. Қалған 30 пайызын мерзімінен бұрын бітірудің мүмкіндігі мониторингтік бақылау кезінде сөз болды.

Келесі кезекте облыстық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңес бюросының мүшесі Жанболат Жөргенбаев өңір депутаттарымен бірлесіп, аудан-қалаларда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы, күрделі жөндеу жұмысымен танысып, мониторинг жүргізуді Іле ауданында да жүзеге асырды.

Іле ауданына ат басын тіреген Жанболат Әкежанұлы мен аудан әкімі Бағдат Қарасаев Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Жәпек батыр ауылында салынып жатқан 900 орынды мектепке келіп, құрылыс жұмысының 93,5 пайызы атқарылған үлкен ғимараттың жай-күйімен танысты. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша қолға алынған ауқымды нысанды «Капстройгрупп-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жалпы құны 2 млрд 147 млн теңге болатын құрылыстың негізгі жұмысы жасалып, ішкі әрлеу және мектеп ауласын абаттандыруға 80 адам, 7 бірлік техника жұмылдырылған. Ж.Жөргенбаев жекелеген мәселе бойынша ескерту жасап, білім ордасының мерзімімен пайдалануға берілуін қадағалауды тапсырды.

Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмысын «Авторемстрой ЛТД» ЖШС өз жауапкершілігіне алғанымен құрылыс өте салғырт атқарылып жатқаны байқалады. Аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаевтың айтуынша, үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға берілуі тиіс нысанның 62 пайыз жұмысы ғана жасалған. Бұл жерде тендерді ұтып алған шымкенттік фирманың жұмысты ұйымдастырудағы қабілетсіздігі мен қосалқы мердігер мекеменің жауапсыздығынан оқу ғимараты бітпей жатыр. Жарас Қанатұлы аталған жайтқа байланысты мердігер компанияға айыппұл салынғанын ескертті. Бұдан кейін де шаруа дұрыс жолға қойылмаса, іс сотқа беріліп, компания тендерге қатысу құқығынан біржола айырылуы мүмкін. Жанболат Жөргенбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жарасбаев ғимараттың іші-сыртын мұқият аралап, білім шаңырағын уақытылы әрі сапалы етіп жөндеу қажеттігін міндеттеді.

Қарасай ауданының Үштерек ауылында 600 балаға арналған, құны 2006560979 теңге болатын мектеп құрылысы 2020 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Корпорация АҚ орда» ЖШС бүгінгі күнге дейін 63 пайыз қаржыны игеріп үлгеріпті. Алайда соңғы уақыттары құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы ғимарат құнын қайта қарауға мәжбүрлеп отырған көрінеді. Қажетті құжаттарды рәсімдеу шараларына байланысты жұмыс саябырсығанымен мердігер компания мектепті уақытында пайдалануға беретіндеріне сенімді.

Ал 1986 жылы пайдалануға берілген Жамбыл ауданына қарасты Тарғап ауылындағы орта мектептің тозығы жеткен ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін мемлекет бюджетінен 522 млн. теңге бөлініп, құрылыс жүргізу құқығын «Бауырқұрылыс» ЖШС өз мойнына алған. Ғимараттың ішіне жылыту қондырғылары қойылып, күннің суығына қарамастан жұмысты қауырт жүргізу ұйымдастырылыпты. Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев, білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова және өзге де мамандармен бірге ғимарат ішін аралаған Жанболат Әкежанұлы құрылыс жүргізу талабына сай келмейтін жекелеген кемшіліктерді көрсетіп, шұғыл түрде қайта қалпына келтіру керектігін айтты. Бүгіндері жалға алынған ғимаратта білім алып жатқан оқушылар Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында жаңарып, жасарған мектепке кіреді.

Мәслихат хатшысы мен депутаттардың бірлескен сапары барысында әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу, күрделі жөндеу жүргізу жұмысында оң істермен бірге «әттеген-ай» дегізер жайлардың да кездескенін айту керек. Ендігі жерде сол кемшіліктерді түзету бақылауға алынып, мердігер компаниялардың өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы қадағаланатын болады.

Одан бөлек жақында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР әділет министрі Марат Бекетаев Алматы облысына келіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Министр Іле ауданының Боралдай, Кербұлақ ауданының Сарыөзек және Панфилов ауданының Сарыбел ауылында болып, әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйімен танысып қайтты. Атап айтқанда, орта мектепке жасалған кешенді, балабақша мен мәдениет үйінің ғимаратына жасалған жөндеу жұмыстарының барысын пысықтады. Бұдан басқа министр Ескелді ауданы Бақтыбай селосында салынып жатқан газ құбыры мен газ бөлу желісінің құрылысымен танысты. Жұмыс сапары барысында Марат Бекетаев Ұйғыр ауданындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көріп, Еңбекшіқазақ ауданы Масақ селосындағы су құбыры желісінің қайта жөнделуін бақылап қайтты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әділет министрі облыс басшысымен бірлесе, әлеуметтік жобалар іске асып жатқан аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Министр аталған нысандардың дәл уақытында бітуі қажет екендігін назарға салды.

Жалпы Алматы облысында 732 ауылдық елді мекен бар, оның 457-і әлеуеті жоғары, жалпы халық саны 1,5 млн адамды құрайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асқан кезеңі 2019-2020 жылдары жалпы халық саны 264 мыңды құрайтын 25 ауылдық елді мекенде сомасы 19,8 млрд теңгені құрайтын 75 жоба жүзеге асқан. Бұдан басқа 2022 жылға 72 ауылдық елді мекенде жүзеге асатын сомасы 21,7 млрд теңгені құрайтын жобалар тізімі бекітілді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30