03.06.2021, 09:01
431
Биыл жыл басында Түркістан облысы әкімінің қаулысымен «Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия» құрылған болатын.Бүгінде комиссияның құрамы бекітіліп, өз жұмысын бастады.Жуырда облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы С. Қалқамановтың төрағалығымен аталған комиссияның екінші отырысы өтті.
Комиссия отырысына Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері мен облыстағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ мүшелері қатысты.
Жиында облыс әкімі аппараты қоғамдық-саяси сала мониторинг бөлімінің басшысы Бақытжан Әшірбеков, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Утебаев облыстағы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Досай Кенжетай, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазретәлі ағымдағы жылдың жарты жылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, маусым-тамыз айлары аралығында облыс тұрғындарымен кездесу үшін комиссия және жұмысшы топ мүшелері аудан, қалаларға экспедицияға шығатын болады.
Маусым айынан бастап аудан, қала әкімдіктерінен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша тұрғындарды қабылдайтын арнайы мамандар іске кіріседі.
Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес ақпараттық насихаттық жұмыстарды жүргізу үшін арнайы медиа жоспар бекітіліп, насихат жұмыстарын жандандыру қолға алынды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР