26.09.2020, 09:20
249
Шымкент қаласындағы №80 мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылардың балаларына арналған бейімді және инклюзивті спорт секцияларының ресми түрде ашылуы өтті. Жоба «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасының аясында іске қосылған.
Жобаның ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова, дәрігер-оңалтушылар мен жас спортшылар, олардың ата-аналары қатысты.
Жобаның мақсаты – елде бейімді дене шынықтыру саласын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылардың балаларына арналған бейімді спорт секциялар жүйесін құру. Алдағы уақытта Шымкенттегі БЦП, аутизм және Даун синдромы секілді диагнозы бар балақайлар да бейімді футбол, жүзу, таэквонда және бочча үйірмелеріне тегін қатыса алады.
Жоба Бас серіктес – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Шымкенттегі жобаға Nur Otan партиясы, «Қасиетті жол – Шымкент» оңалту орталығы секілді әлеуметтік серіктестер мен жергілікті атқарушы органдар да қолдау көрсетуде.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР