Сырдың тынысы қашан ашылады?

Миуа БАЙНАЗАРОВА

25.06.2021, 14:59

1579

        Қуаңшылық қос өкпеден қысты. Жаз басталмай тұрып төрт түлігі қолға қараған шаруаның қазіргі күйін елестетудің өзі қиын. Көтерем болған көп түлікке азық керек. Шығын аз емес. Онсыз да суы сарқылып, өзені өзек болып қалған Сырдарияның жайы да жығылғанға жұдырық болды. Әсіресе бұл Арал жұртына қиын соғуда.

         Деректерге жүгінсек, Арал ауданында 931 шаруа қожалығы есепте бар. Олардың ішінде 700-ден астамы төрт түлік өсіруге бейімделген құрылымдар. Демек, жайылымы жұтап, көлдері суала бастауы шаруа қауымына оңай соққы емес. Қазіргі есепте аудан бойынша 104 мыңнан астам уақ мал, 54,2 мың мүйізді ірі қара, 43,5 мың жылқы, 32,4 мың бас түйе бар. Олардың 175 мыңнан астамы жеке тұрғындар қолында болса, қалғаны шаруа қожалықтарының үлесінде. Тағы айтайық, табиғат жыл басынан бері қырын қабақ танытып тұр. Қыста қар, көктем айларында жауын-шашын аз түсті. Жайылымдық жерлер тақырға айналды. Осындай келеңсіздіктің салдарынан малдың қырылу қаупі төнді. Қазіргі күнге ресми деректе 481 бас мал өлген. Оның ішінде 321-і жылқы, 159-ы мүйізді ірі қара және түйе бар.

      – Өлген малда ешқандай жұқпалы ауру белгілері байқалған жоқ. Оны ветеринария мамандары анықтап, тиісті хат­та­масын жасады. Күрделі жағ­дай қатаң қадағалауға алынды. Кезекшілік ұйымдастыру қол­ға алынып отыр. Оған ауыл тұр­ғындары, еріктілер, жедел құтқару жасағы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ма­мандары топтастырылған. Мал­ға арнайы бақташылар бекі­туге назар аударылды, – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев брифингте.

         Е.Әбішевтің айтуынша, жемшөп қорын жасақтауда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және Сыр өңіріндегі аудандармен осы мәселеге байланысты келісім жасалуда. Қазірге дейін ауданға барлығы 116 тонна жоңышқа шөбі жеткізілді. Алдағы күндерге 518 тонна жоңышқаға тапсырыс беріліп отыр. Қуаңшылыққа қо­сымша болып тұрған түйткіл – дариядан келетін судың аздығы. Шабындық жерлерге су жетпей, көлдердің қүрделі күйге түсуі жағдайды қиын­датып жіберді. Жайылымдық жерлердің суаттардан қашықтығы 20-25 шақырымға жуық. Оған қоса, мамырдан бастап күннің күрт ысуы жайы­лымы жайсыз болып тұрған малды әлсіретіп жіберген.    Алғашқы кезекте бас­ты 49 су ұңғымасының дере­гі нақ­тыланды. Құжаттандыру бойынша құзырлы мекемелер тарапынан тиісті шаралар қабылдануда. Негізгі мақсат – елді мекендердегі су ұңғымаларын қайта қазып, суландыру мәселесін шешу.

         Қуаңшылыққа ұрынған шаруалардың бірқатары қол­дағы малын түгел қырып алмау­дың қамымен сатудың амалына көшіп отыр. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдарының тұр­ғын­дары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қой түлігін қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр. Аталған елді мекендерде құлынды бие 300-350 мың, қозылы қой 40-45 мың, бұзаулы сиыр 260-280 мың теңгеге бағалануда. 

      – Ауданда мал басының азаюы өнім өндіру көрсеткішіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл алаңдатарлық жағдай. Тағы бір айта кетерлігі, қорегін таба алмаған мал тартылған көлшіктердің табанындағы балшыққа батып, шығын болып жатқаны да рас, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

       – 2000 жылы шыққан «Сақтандыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес, барлық заңды және жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүлік­терді сақтандыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талаптарға сай жұмыс жасаған болса, олар сақтандыру компаниясынан өтемақы талап етуге құқылы. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан сол өңірдегі қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралуда. Аудандағы мал шаруашылығы саласын қиын жағдайда қалдырмау мақсатында тиісті мәселелер пысықталуда. Қазір Сырдария, Жалағаш аудандарында өн­дірілген жоңышқа шөбінің бірінші орымы Арал ауданына тасымалдана бастады. Алдағы уақытта оған көршілес аудан­дардан тасымалдау ар­қылы қажетті шөп қоры жасақтала береді, – деді А.Тілеулеева.

          Қазіргі таңда Ақбасты, Ақеспе, Тастүбек, Құланды, одан бергі Сырдарияның құярлық аймағындағы Жаңақұрылыс, Қарашалаң, Шөміш елді мекендерінің малы көл ортасындағы құраққа барамын деп ұмсынып, батпаққа батып өліп жатқан жайы бар. Далада ештеңе жоқ, өсімдік шықпай қалған. Былтыр күзде жаңбыр болған жоқ. Қыста қардың өзі аз жауды. Биылғы көктемде қырсыққанда бір тамшы жаңбыр тамбай қалды. Қазір осы тұрғандағы қара шаруаның жағдайы апатты десек болады.  Сырдария өзені арқылы келетін судың деңгейін кө­термей, күрделі жағдайды оңалту қиын. Сол арқылы атал­ған аймақтарда шабындық, жайылым мәселесін қалпына келтіруге болар еді.  

       Дегенмен  жылымық жаңалық та  жоқ  емес. Сырдария өзеніндегі күрделі ахуал Тәжікстанда талқыланды. ҚР экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжік­стан­­ның энергетика және су ресурстары министрі Д.Джу­мамен кездесіп, тәжіктің Бахри Точик суқоймасынан маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ал бұдан бір апта бұрын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қырғызстанның бірнеше ми­нистрлік басшылығымен кез­десіп, бірқатар келісімге келді. Осыған сәйкес, Тоқтағұл суқоймасынан 330 млн текше метрден, яғни жыл сайын маусым-тамыз айлары ара­лығында (2023 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда) қо­сымша су жіберуді жүзеге асыру белгіленді. Демек, жоғарыдан келетін судың көлемі Түркістан және Қызылорда облыстарында веге­тациялық кезеңде су тап­шылығын төмендетуге мүм­кіндік береді.

       – Мәселе осында, – дейді «Қазсушар» РМК өн­ді­ріс­тік учаске басшысы Жора­бек Нұрымбетов бізбен әңгімесінде. – Тәжікстандағы Бахри Точик суқоймасы мен Қазақстан аралығында суқойма жоқ. Бірақ Өзбекстан территориясында су алатын каналдар аз емес. Сұрап алған суымыздың мұрты бұзыл­май толық жетуі үшін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі енді өзбек тарапымен жұмыс жүргізуді бастады. Нәтиже береді деп сенеміз.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31