Түркістан: жаңа серпін, жаңа мүмкіндіктер

М.СӘУЛЕБЕК

28.06.2021, 09:08

1121

 «Түркістан туризмнің орталығына айналады» деген сөз жыл санап ақиқатқа айналып келе жатқан сыңайлы. Жыл санап емес, тіпті ай санап Түркістан түрленіп, туризмге қатысты ірі жобалар іске қосылып жатыр. Киелі қалаға келген туристердің саны да  айтарлықтай көбейген.

   Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Farab» кітапханасының арнайы алаңында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында алдымен Түркістан облысының құрылғанына үш жыл толуына орай, пікір білдірді.

– Бүгін біз үшін тағы бір тарихи сәт – Түркістан облысының құрылғанына тура үш жыл толып отыр. 2018 жылғы 19 маусымда Түркістан облысы құрылды. Айтулы оқиға өңірімізге жаңа серпін және жан-жақты дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Түркі әлемінің текті төрі – Түркістан қаласы күллі түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Жалпы алғанда, жаңа мәртебеге ие болған көне шаһар жаңа кейіпте бой көтеріп жатыр. Түркістан өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-25 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, алдағы бес жылда атқарылар істер айқындалды. Пандемиядан туындаған дағдарысқа қарамастан, тұрақты даму қағидаттары өз басымдықтарын сақтайды, – деді Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай өлке. Облыс аумағында 1663 тарихи және мәдениет ескерткіштері орналасқан. Өңірде туризм саласы үш бағытта қарқынды дамуда. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытындағы тарихи-танымдық туризм, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі және Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм.

Жалпы, өткен жылы облыста 15,6 миллиард теңгеге 10 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 500-дей жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан қаласында тәуелсіз Қазақстан тарихында елімізде алғаш рет әуежай құрылысы жүргізілді. «Hazret Sultan» әуежайында Алматы – Түркістан, Нұрсұлтан – Түркістан, Атырау – Түркістан, Бішкек – Түркістан әуе рейстері орындалуда.

Қазақстандағы туристік сала кадрларының  және туризмде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Түркістан халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды. Онда білім алушылар халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл өз кезегінде түлектерге әлемнің кез келген нүктесінде кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар Түркістан қаласының тарихи орталығының аумағында жеке инвестициялар есебінен «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені іске қосылды. 300-ден астам жұмыс орны ашылып, жоба өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуда.

Облыс басшысы өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында қолға алынған «Қасқасу» тау-шаңғы курортының құрылысына тоқталды. Бүгінде мұнда инфрақұрылым жүргізу жоспарлануда.

— Ішкі және кіру туризмінің басым дамуын ескере отырып, 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 миллион адамға дейін арттыру жоспарлануда. Мысалы, Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында «Қасқасу» тау-шаңғы жобасын құру жоспарланған. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-25 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген, – деді Өмірзақ Естайұлы.

       Жобаның сыртқы инженерлік инфрақұрылымы 3,6 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын салу жобасының бірінші кезеңін іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.  Жоба жүзеге асырылғанда 5000-ға жуық жұмыс орны құрылады.

Шөкеевтің айтуынша, Түркістанның экологиялық ахуалын жақсарту бағытында ірі су нысандарының құрылыстары қолға алынған. Нәтижесінде ауыл шаруашылығына қосымша  200 миллион текше метр ағын су жеткізіледі. Түркістан магистралды каналында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 60 миллион текше метр су үнемделіп, 8 шақырым қала аумағы абаттандырылады. Бұрын ағын су 43 пайызға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 36 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 миллион текше метр су үнемделіп отыр.

— Қолға алынған «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аясында бөгет 34 шақырым ұзындыққа көтеріліп, биылдың өзінде 250 миллион текше метр су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді. Қазірдің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады. Бұдан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама суқоймасын салу» жобалары әзірленуде. Бұл жобалардың Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз етудегі маңызы өте жоғары, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Тегтер: туризм экономика үкімет қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31