Түркістанды көгалдандыру халықтық шараға айналды

М.СӘУЛЕБЕК

18.06.2021, 13:01

1231

Табиғаты құрғақ, әсіресе  жазы аптап ыстық, аңызақ желі көп Түркістанда жасыл желекті жайқалту қиын. Өйткені егілген көшеттердің жерсінуі өзге өңірлермен салыстырғанда тым төмен. Басқа аймақтарда көшеттердің 70 пайызы жерсінсе, Түркістан аумағында ол көрсеткіш 50 пайыздан аспайды.

Түркістандағы жасыл желекке жауаптылар көшеттердің күтімін күніне екі рет тексереді. Облыс әкімдігінің апталық мәжіліс отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев қала аумағындағы секторларға жауапты басшыларға жасыл желекті күтіп-баптап, суаруды қатаң бақылауды тапсырды. Шаһардың табиғи тынысына айналған жасыл аумақты күнделікті қадағалауды қадап айтты. Егілген ағаштардың тамыр жайып, жерсінуі үшін жұмысты жан-жақты, жұмыла, жанашырлықпен атқаруды жүктеді.

— Көгалдандыру – көптің ісі. Бұған бәріміз қатысуымыз керек. Бүкіл ел болып жабылып, егілген көшеттерді көгертуге атсалысқан жөн. Тұрғындар да жұмылып жанашырлық танытса, осыншама еңбек зая кетпейді. Әр ағаштың түбін тексеріп шығыңдар. Суарылған, тыңайтқыш қолданылған болсын, – деді өңір басшысы.

      Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, киелі шаһарды абаттандыру бойынша бөлінген 32 секторда 33 мың ағаш егілген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. Көшелер жарықтандырылып, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылды. Субұрқақтар қойылып, веложолдар төселіп, газон егілді. Апта сайын 32 сектор аумағында аудан, ауылдардан келген азаматтардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылуда. Қаланы көркейту бір үлгіде жүзеге асып жатыр. Секторлар аумағында ұңғымалар қазылып, жерасты сулары пайдаланылуда. Әр талдың түбіне су жеткізіліп, тамшылатып суару жүйесі жүргізілуде. Жасыл көшеттерді желден, суықтан және басқа да сыртқы факторлардан қорғау үшін ағаштар қорғаныш жіппен байланып, тіреулермен қоршалған. Түркістандықтардың тікелей атсалысуымен бірқатар «Халықтық жоба» жүзеге асып жатыр.

Жоғарыда айтылғандай, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін Түркістан 32 секторға бөлінген.  Келес ауданы өзіне тиесілі 16-секторда көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, сектор аумағына 12 көше кіреді. Жалпы ұзындығы 9 шақырымға жуық. Бекітілген аймаққа 8800 түп ағаш отырғызылды. Жасыл желекті күтіп-баптау үшін мамандар тартылып, суару жүйесі жүргізілді. Төрт су ұңғымасы мен екі трансформатор орнатылды. Тамшылатып суару жүйесі, 8,7 шақырымға полиэтилен құбыры жүргізілген. Автомобиль жолдарынан су жүйесін көлденең бұрғылап өту тәсілі қарастырылған. №16 секторда санитарлық тазалық, ағаш суғару жұмыстарына бес техника, 48 адам тартылып, тұрақты жұмыс атқарып келеді.

Киелі шаһарды жел эрозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «Жасыл аймақ» құрылған. Түркістан облысының әкімдігі экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдады. Жоспар бойынша бес жыл ішінде 110 210 гектар аумақты көгалдандыруға 170 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осындай кешенді жоспарды сапалы және толық орындау үшін штаттық кестеге қосымша бірліктер енгізіліп, техника сатып алынады.

Түркістанның «Жасыл аймағын» өміршең ету мақсатында ғалымдар өздерінің ақыл-кеңестерін білдіруде. Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты басқармасының төрағасы Әлімжан Рахымжановтың айтуынша,  Түркістанның «Жасыл аймағы» Нұр-Сұлтан қаласының «Жасыл аймағының» аналогы ретінде құрылуда.

– Түркістанда жазда ауа температурасы +35 градустан асады. Ылғалдылық өте төмен. Жауын-шашын өте аз. Дегенмен үлкен жұмыс атқарылуда. Түркістан маңындағы 30 мың гектар алқапта «Жасыл аймақ» құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылады, – деді сарапшы.

Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының ормандарды молайту және орман өсіру бөлімінің бастығы Светлана Кабанованың ойынша, Түркістанның айналасында атқарылған жұмыстар, бұл титаникалық еңбек, қажырлы жұмыс. Себебі осындай климаттық жағдайда мұндай «Жасыл аймақты» құру өте қиын.

– Ауа температурасы өте жоғары, құрғақшылық. Бұл жайттар жасыл желекке кері әсерін тигізері сөзсіз. Көгалдандыру жұмыстарында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін береді, – деді С.Кабанова.

Тегтер: жасыл экономика инвестиция құрғақшылықғ көгалдандыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31