Жастар әкіммен жүздесті

Нұрболат ӘЛДИБЕК

02.08.2022, 09:03

2049

Әдетте, жастар саябаққа отбасымен, достарымен серуендеуге, ғашығымен кездесуге, сырласуға барып жүрсе, бұл күні облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен жүздесуге жиналды. «Жеңіс» саябағындағы ашық аспан астындағы кездесуде белсенді, талапты жастардың ұсыныс-пікірлері талқыланып, өзекті мәселелер қозғалды.

Жыл басында өңірдегі жастарға талдау жасалып, зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Зерделеу нәтижесінде өңірдегі жастардың 10 пайызы білім алуға әрі жұмыс істеуге де құлықсыз екені белгілі болған. Дегенмен, биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1,4 миллиард қаржы бөлініпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте жаңа бастамаларды іске асыру керек. Ал жастардың жақсы, ұтымды идеялары болса, жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп іске асыруға, көмек қолын созуға ниет танытып отыр. Ниет болса, NEET санатындағы жастар азаяры сөзсіз. Бастысы жастар сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы керек.

 «Серпін-2050» жобасы арқылы 1 067 студент оқуға түсті. Сол секілді биыл жеңілдікпен баспана үшін несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылып, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Енді бағдарлама аясында биыл 50 жасты үймен қамту көзделуде. Бастама жақсы әрине. Бірақ осы бағдарлама туралы елдің теріс көзқарасын қалыптастырмауымыз керек. «Асарлатын үй салу» жобасы бойынша жыл сайын жүзден астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үйлі болуда. Осы күнге дейін 250-ден астам жанұя берекелі бастаманың шарапатын көріп, қоныс тойын тойлады. Биыл да сол үрдіс бойынша 117 отбасыға асарлатып үй салып беру жоспарланды. Бұл игі жобаларға да мейлінше жастарды тарту керек. Өңірдегі еріктілердің, «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмыстарына куәміз. Бірақ, олардың жұмысы көзге көрінбейді. Сондықтан еңбек жасағына тартылған жастарға қаладан 2-3 саябақ бөліп, соның тазалығын қадағалауды тапсыру керек деп ойлаймыз. Жастар осындай баянды бастамаларға жауапкершілікпен қараса, іс алға басады,– дейді Нұржан Нұржігітов.

Ал жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа басқарма тарапынан 25 мыңға жуық NEET жастың жеке деректері анықталып, электронды базасы әзірленгенін айтты. Енді сол базаға қала бойынша анықталмай отырған 3 мыңға жуық жас қосылса, жұмыс жүйелене түспекші екен. Басқарма басшылығы  тізімдегі 10 мыңға жуық жастың білім алып, еңбек етуге ниетті екенін анықтаған. Енді сол жастардың оқуға түсіп, грант алып, жұмыс істеуіне, еңбекке араласуына көңіл бөлмекші. Бұл жұмыстармен үш басқарма – жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мен білім басқармасы бірлесіп жұмыс істейтін болады.

— «Әулиета жастары» бағдарламасының тиімділігін арттырып, келер жылға ауқымын кеңейтіп жалғастыруды көздеп отырмыз. Бүгінде бес салада еңбек ететін 600-ге жуық жастан өтініш түсті. Алдағы айда комиссия отырысын өткізіп, нақты мұқтаж отбасылардың тізімін дайындап, 50 жасты үймен қамту жоспарда бар. Осылайша қазан айынан бастап тұрғын үй кілттерін табыстауды бастаймыз. Жастарды саяси-қоғамдық өмірге белсене тарту бойынша да жұмыстар іске асуда. Жастар ресурстық орталықтарының функционалдық міндеттерін өзгертуге көңіл бөлінуде.

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік» жобасы аясында 7 бағыт бойынша 15 жобаға грант бөлуді қарастырып жатырмыз. Біз Тәуелсіздік күніне қарай осы гранттарды үлестірсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл гранттар жастарға қажетті инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталады,– деді басқарма басшысы.

Кездесуде «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек оқушылардың спортқа деген қызығушылығы төмендеп бара жатқанын мәселе етіп көтерсе, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы Жамбыл облыстық штабының төрағасы Нұрлан Жиенбай еңбек маусымын бір жылға дейін созу және қоғамдық көліктерге жеңілдік қарастырылса деген ұсынысын жеткізді. Әкіммен жүздесуде өзге де жастар өз пікірлерін білдірді.

Өз кезегінде Нұржігітов те жастардың сауалдарына тиісінше жауап беріп, олар айтқан ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.

Тегтер: жастар саясаты кадр маман

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.08.2022, 09:05
Діннен тірек таба алмай адасқандарға ақпараттық түсіндіру тобы көмекке келуде
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 10:21
Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан үш адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:51
ШҚО-да қарттар үйінің лауазымды тұлғалары 7,4 млн теңге жымқырған
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 16:56
Жас таланттарды анықтайтын жоба
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 15:06
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 10:22
Қазақстанның бірқатар өңірінде бейсенбі күні бұршақ аралас жаңбыр күтіледі

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49