Жемқорлықтан қашан құтыламыз?

Еңлік АБАҒАН

13.10.2021, 17:01

569

«Мемлекеттік аппаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзған адамдардан тазарту жөніндегі жұмыс шендеріне, лауазымдық дәрежелеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан жүргізіледі. Заң алдында барлығы тең». Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар Мақажанов өзінің «Facebook» парақшасы арқылы өңір тұрғындарына осылай деп хабарлама жасады. Сондай-ақ ол департаментке қызметке тағайындалған сәтінен бастап атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Есепте жемқорлық фактісінің азайғаны туралы да айтқан. Шынымен де солай ма? Бір аптаның ішінде 2-3 жемқорлық фактісі анықталып жатқанда...

Күні кеше ғана Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 32 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ресми мәліметінше, Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған. «Аталған бөлімнің басшысы мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында бөлінген қаржынының 32,9 млн теңгесін жымқырды деген күдікпен ұсталды. Яғни аталған қомақты қаражат Сарқан ауданының Бақалы, Алмалы және Көкөзек ауылдарындағы спорттық алаңдарына бөлінген. Қазір аталған бөлім басшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген аталмыш департаменттің ресми хабарламасында.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сарқан ауданындағы кейбір спорт алаңдары тек құжат жүзінде ғана салынғаны жайлы ақпарат тарады. Ал содан бірнеше күн бұрын «Талдықорған қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекеме қызметкері ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы сатпақ болғаны үшін қамауға алынып еді. Одан бөлек Талғар ауданында 200 мың теңге пара алған полицейлер айыппұл төлеп құтылып кетті.

Ержан Мақажанов болса аналитикалық жұмыс аясында 8 талдау, 11 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 200-ден астам сыбайлас жемқорлық пен сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері анықталғанын жазады. Күнделікті тарап жатқан ақпаратқа қарап: «жылы жабылған қылмыс қанша?» деген ойға қаласың.

Айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлықты анықтау мақсатында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында анонимді сауалнама әдісімен зерттеулер жүргізілді. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 35,1 пайызы қаржылық бақылау сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді әдісі деп санайтынын атап өткен. Студенттердің 21,3 пайызы білім алып жатқан оқу орындарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының бар екендігін белгіледі. Студенттердің 46,2 пайызы жемқорлықтың түрлері мемлекеттік емтихан кезінде көп кездесетінін айтқан. «Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға дайынсыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 30,6 пайызы «иә» деп келіскен. Сондай-ақ студенттердің 25,3 пайызы тек жасырын түрде хабарлауға дайын екендігін білдірген.

Жалпы алғанда Алматы облысының білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс оң үрдістерге ие екендігі көрсетілген. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру және оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып қала береді.

Тегтер: жемқорлық сыбайлас жемқорлық пара мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Расул ЖҰМАЛЫ 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 19:38
Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
Бақыт ТІЛЕГЕН 20.10.2021, 18:42
Ерікті болу еріккеннің ісі емес
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31