Жезкиік шойын жолдан өте алмай жүр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

21.07.2021, 12:09

2705

Арқаның Бетпақ даласы ежелден ақбөкеннің құтты қонысына айналған. Сайын даланың төсінде алаңсыз сайран салған сайғақтардың соңғы кезде мазасы қаша бастағандай. Жануарлар әлеміне жанашырлықты естен шығаратын біздің елдегі инвесторлардың кесірі  киелі жануарлардың жолын бөгеп тұр. Киелі киіктің мекені болған  біраз жерге канал салынып, құбыр тартылып, шойын және көлік жолының төселуі  бейкүнә жануардың өрісін тарылтып, көшу жолын біржолата бекітіп отыр. Былтырғы қыста Арқа өңірінде  20 мың киік қыстап қалған. Киелі жануарлардың көне көш жолын таппай, аза бойы қаза болған. Абдыраған асыл бөкендер  Қызылқұм жағына ойысатын тұста ақтүтек боранға ұрынған. Бұл бөкендердің басына төнген нәубеттің басы деп білген жөн.  Адымы алысқа бармай,  аядай мекенде амалсыз аялдап қалған ақбөкендердің аянышты халіне енді  адам баласынан басқа ешкім араша түспесі анық. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Дарын Әбілғаниев  бөкендер жүретін  мекенге төселген жаңа жолдардың киік популяциясына кері әсері барын жасырмайды.

«Жезқазған аумағындағы көлік жолында былтыр адам шығынына әкелген апаттардың күрт өсуіне байланысты киік жолының бойын темір тормен қоршап қойған. Аталған мәселеге байланысты біз жергілікті әкімдікке  бөгетті алып тастау жөнінде ресми  өтініш жолдадық. Мемлекеттік орган біздің сұранысымызды мақұлдады», – деді «Сарыарқа» телеарнасына берген сұхбатында ресми мекеменің өкілі.

Ілгеріде БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасында елімізде салынып жатқан теміржол және автокөлік жолдарының киіктердің көшу жолына әсер етіп, салдарынан олардың саны күрт кемитіні болжанған болатын. Сарапшылар жаңа автобандар бағалы бөкендердің әдеткі жолына кедергі тудыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал біздегі тиісті министрлік табиғи ландшафтқа сәйкес, экодук көпір салу арқылы тығырықтан шығуға болады дейді. Бірақ табиғат жанашырлары жасанды көпірмен өтуге сезімтал сайғақтардың жүрегі дауаламайтынын айтып отыр.  Ертеректе Азаттық радиосына берген сұхбатында жабайы аңдар мен олардың  мекенін бақылаумен шұғылданатын бас ұйымның жетекшісі Альберт Сәлімгереев:  «Тоннельден борсық өтуі кәміл, киік жоламайды. Еуропадағы экодуктар орман аңдарына арнап салынған. Киіктер ағаш, бұтақтан бойын аулақ салады. Кірпияз жануарлар ашық кеңістікте қауіп болмайтынын жақсы –түйсінеді», – деген болатын.

Биыл Астана–Арқалық–Торғай–Ырғыз жолының құрылысын аяқталу жоспарланған. Табиғат қорғаушылар жаңа инфраструктура  киіктердің көш жолына кедергі тудырмай ма деп алаңдаулы.  Бірақ зерттеушілер киіктердің көшу жолы бірнеше жылда өзгеріп тұрады деп сендіреді. Оған дәлел бар. Альберт Сәлімгереев сол жолы  Азаттыққа берген сұхбатында  2015 жылы пайдалануға берілген Жезқазған–Бейнеу теміржолын алға тартқан еді.

– Киіктер  500 мың бас болып, үйір-үйірімен көшеді. Ашық жол үстімен өткенде көлік астында қаламыз деп алаңдайды. Десе де, Жезқазған–Бейнеу теміржолы Жезқазған, Сексеуіл аймағында киіктің Бетпақдала популяциясына, Шалқар–Бейнеу аймағындағы Үстірт популяциясына әсер етті, – деген-ді.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген кіріптар киіктерді сақтау ісі  соңғы екі жылда  жіті қолға алынды.  Мемлекет тарапынан 2019 жылдан бастап нарқы қымбат аңға қырағы көзқарас қалыптасты. Жезкиікті суыққолды браконьерлерден қорғау шарасы жақсарды, қылмыс жасағандарды жазалау заңы қатайды, киіктерді қорғаумен айналысатын «Охотзоопром» аумақтық орталығының  материалдық-техникалық базасы нығайды, мәрт мамандар шоғыры жиналды. Соның  шарапаты болар, биылғы   санақ бойынша Қарағанды облысындағы киіктер саны 200 мыңнан асып отыр.

– Мамыр айында Нұра  ауданының аумағында 30 мыңдай киік төлдеді. Жаңа туған бөкендер екі сағаттай жерден тұрмайды. Ол кезде жас төлді қолға ұстауға, жанына жолауға болмайды. Жарықтық жануарлар үріккіш келеді. Сондықтан біз аялы көзқараспен қарап,  оларды алыстан дүрбімен бақылап жүреміз. Жұмыс ауқымымыз үлкен. Қарағандыдан тыс, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда аймағындағы дала киіктерін қорғаймыз, – дейді «Охотзоопром» орталық аймақтық бөлімшесінің инспекторы Ерлан Айтбаев. 

      Ендігі кезекте  жезкиіктің  жолын  қаңтарып тұрған  кедергіні жоятын мезгіл келді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 09:00
49 миллион теңгенің алтынын әкеткен күдікті ұсталды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30