Жиырма екі жетімді ауылға жетелеген жігіт

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

15.12.2020, 10:25

6024

Бұрнағы Егіндібұлақ ауданына қарасты,  «Талды»  өзенінің  «Қара сор» көліне құятын сағасының  оңтүстік батыс жағасында,  Қоянды деген аядай  ауыл бар.  Қазір мұнда 82 отбасы түтін түтетіп отыр. Мұндағы мекендеушілер өзге ұлттармен аралас-құраласы жоқ,  таза  өз қандастарымыз  тұрады. Бұрын да   қазақы ауыл болған.   «Ұлы Жібек» жолын  жалғаған Қоянды жәрмеңкесі нақ осы жерде  салтанат құрған.  XIX-ғасырдың II-жартысында орыс көпесі Ботов қызыл базарға айналдырған Қояндының  атағын алысқа кетті.  Даңқы әрісі Үндістанға, берісі Моңғолия, Қытай, Ресей мен Жапонияға жайылды. Қоянды жәрмеңкесі- қазақ қоғамының дәстүрлі экономикасын  нарықтық қатынастарға бейімдеді. Қазақтың санасын сауда-саттыққа  икемдеуде  тыңнан жол салды.  Бірақ, тәуелсіздік алған 90- жылдары елімізге дендеп енген   нарықтық реформа  шағын ауылдың құтын қашырды.  Жекешелендірумен   жұт келді.  Ырызық ұясы атанған  тарихи өлке бертінге дейін  ыдыраудың алдында тұрды. Отызыншы жылдардың таз кебін киді. Ауылдағы жұрттың шаруашылығы қараң қалды, ел  баспаналарын тастап жан-жаққа  жөңкіле көшті, өрістегі малдың қарасы  кеміді,   адам саны азайып, мұның соңы мектептің  тағдырын қыл үстіне әкелді.

Осындай өлара шақта туған ауылына кәсіпкер Нұрлан Қалтаев кенеттен  келеді. Ол өсіп-өнген өлкесінің тұралаған тұрпатын көріп,  түлетуге белін  бекем буды.  Ұзын сөздің қысқасы, тәуекелшіл жігіт  кіші отанын көркейту үшін  түреннен жол салды. 

Отбасын тапқан жетім жеткіншектер

Жарық дүниенің кем-кетігін «Бір кем дүниесіне» сыйғызған жарықтық, жауhар жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай,  бұл өмірде төрт құбыласы сай байлар көп.  Дені-нысапсыз.  Себебі, қалыбында иман жоқ.  Иманы бекем Нұрлан Қалтаев  маңдай термен жиған қаржысын қайырлы  іске жұмсады. Жүдеу  кейіптегі елге  әуелі  мұнаралы мешіт тұрғызды.  Бұл өңірде тұңғыш салынған  имандылық үйі.  Бүгін мұндағы мұсылмандардың діни рәсімін жасайтын мінәжат орынына айналған.  Ақпейіл азаматтың тірлігі  одан кейін, кідіріссіз  жүріп кетті.  Ауылдан ақ шағалайдай  үйлер салып, тұрғындар санын көбейтті.  «Елге ел қосылса- құт»  қашанда.  Қиналып отырған қарашаны Қояндыға қарай ойыстыруды ойлады.   Шалғайда болса, ордалы оңтүстікке көз тікті.  Тұрмыстағы қиындықтан қажып жүрген «Талапты» ауылынан 9 отбасын көшіріп әкелді. Олардың барлығы дүние-мүліксіз тек соқа басын сүйретіп келді. Мұнда оларды су жаңа  жиhазбен және  тұрмыстық техникамен жабдықталған сондай-ақ,  азық- түлік қорымен қамтылған баспана  күтіп тұрды. Алыстан ат артынып келген ағайын бұрын соңды мұндай тосын сыйды көрмегендіктен, ертегі әлеміне тап болғандай күй кешкен көрінеді. Бірақ, ол  қиял емес, іскер жанның ойға алған мұраты екенін түсінді. Кәсіпкер қоныстанушыларға  балалар үйінен алынатын кемі 3 не 4 баладан асырап алуы керек деген шарт қойды.  Қалтаевтың тұрғызған   әр үйдің аумағы 220 шаршы метр. Зәулім баспанада 10 бала  еркін жүріп тұрады.  Жаңа мекеннің  ауласына ойын алаңы салынған. Қожайынның айтуынша, банктер бұл үйлерді 8-12 млн теңгеге бағалап отыр.

-Менің талабым бойынша, жетім жеткіншектерді қамқорлығына алатын отбасылар өз перзенттерімен қосқанда бала санын 10 ға толтыру керектін. Сол талапты күні  бүгінге дейін ұстап келемін. Екі жылдың мұғдарында біз алған  балалардың саны 22 ге жетті. Қазір менің мұраттастарымның  шаңырағы жанға толып, табысы еселеді.  «Келісіп  пішкен тон келте болмайды»  дегендей,  сауапты істі қолға алған азаматтардың  алды  «ауыл шаруашылығын қаржылай  қолдау қорынан»  қаражат алып,  ірі қара өсіру  шаруашылығын  ашты.  Бұл шаруаның  басы-қасында өзім қатар  жүрдім.  Себебі,  олардың  қамқорлығындағы  балғындардың тағдырына өзім  жауапты болғандықтан,  әр қадамдарын бақылау  парызым деп санаймын. Желкілдеп өсіп келе жатқан 22  өренді өгейсітпей,  киім-кешекпен, азық-түлікпен,  қыстық соғыммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, әрі денсаулықтарын қадағалауды  жеке мойныма алғанмын.  Олар өмірде аяғынан тік тұрғанша жетелеп жеткізу  адами міндетім деп санаймын.  Былтыр облыс әкімінің қабылдауында болғанымда, ауылға жедел-жәрдем көлігін қалап сұрап алдым.  Аймақ басшысымен дидарласу барысында  келер жылы аудан орталығы мен біздің ауылды қосатын аумақтағы кетеуі кеткен көлік жолын  жөндеуден өткізу жөнінде келісім жасалды.  Өңір басшысымен байласқан осынау  мәміле сөзбұйдаға салынбай,  іске асады деген үмітім  бар.

Сауапты істі бастаған бизнесмен   ауылда тағы   төрт  үйдің құрылысын бастады.  Күн бұрыңғы келісім бойынша, оған  Қызылорда мен Жамбыл облысынан келген жанұялар қоныстанады. Олардың барлығы көп балалы отбасылар.  Әр шаңыраққа ата-анадан айырылған  балалар қосылады.  Осылайша, Қоянды ауылына  Қарағандыдағы балалар үйінен тағы 4 бала келеді. Жабық  мекеменің тәрбиеленушілерін  ауылдық жерге  беру бұрын соңды болмаған құбылыс. Тұңғыш  бастаманы елімізде бірінші болып  іскер қандасымыз Нұрлан Қалтаев бастап отыр. Кәсіпкер облыс орталығындағы балалар үйімен 3 шақты келісім-шарт бекіткен.  Барлық жауапкершілік бизнесменге жүктелген.  2019 жылға дейін   Қояндыдағы 9 жылдық  білім ордасы   орта білім беретін  мектеп  биыл орта мектеп мәртебесін иеленді.  Игілікті  бастама Нұрлан Қалетаевтың араласуымен  жүзге асқан.

Ауылдағы алма ағаш

          Перзентінің қамын  ойлаған  адам ұрпағына өшпестей  із қалдырады. Ауылдағы жеткіншектерінің  қамын жеген асыл азамат Қояндының  ортасына  алма бағын салған. Бұл күндері  150 түп алма ағашы мәуелі баққа айналған. Нұрланның бағы ауылдастарының мақтанышы.  «Алтын баққа» көз салмайтын бала жоқ. Келешекте жеміс ағаштарының қатары көбейе бермек. Жергілікті жұрт алма бағын жүрек жылуымен баптайды. Әлбетте, мейірім нәрін молынан сіңірген жеміс ағашы  дәнегін көп салады. Саябақтың  айналасы өрнектелген  темірмен қоршалып, жол жиегіне  электр бағалары орнатылған.  Серуендеушілерге ағаш орындықтар қойылған. Бәрі үйлесімді!  Кішкентай тынығушыларға арналған  ойын алаңы да осы арадан табылады. Футбол кортында жылдың үш мезгілінде   теңбіл доптың додасы тоқтаусыз қызып жатады.

«Қара сордың»  құты  кірді

Қоянды ауылының етегіндегі  «Қара сор» көлі кеңес  кезеңі тұсында тартылып, тіршілігін тоқтатқан болатын.  Бірақ, көл табанында тұнып қалған  қара балшықтың сырын  білетіндер бертінге дейін емдік мақсатқа пайданыланып келді. Табиғаттың  тылсым күшіне тоқтау бар ма?  Былтыр  «Қара сорға» қуат бітіп,  көзі ашылды.  Арнасы суға толып,  айдында балығы  тулай бастады.

-Тәңір берген байлыққа көз тігіп жүрген бай-бағландар көп. Әрқайсы қара басының  пайдасын күйттейді.  Тәуекелге бел буғандардың қатарында мен де бармын. Екінші тынысы ашылған  «Қара сорда» қабықты балық, сазан және  фарель секілді асыл тұқымды балықтар пайда болды. Бұйыртса, 49 жылға жалға  берілетін  жерге ізімді жалғайтын  ұрпақтарым  мұрагер болса деп көксеймін. Көлді пайдалану құқы бізге берсілсе, балық шаруашылығы өндірісі мен балық кәсібіне үйрететін кәсіби мектеп   ашсам деген мақсатым бар.  Жаңа кәсіпті қолға аласақ, 100 кісіге  жұмыс орыны ашылады. Бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды кәсіпке тартамыз. Іріктелетін үміткерлерді еліміздегі балық өндірісі шаруашылықтарына жіберіліп,  тәжіребиеден өткізбекпіз. Байқауға ұсынған бизнес-жоспарымызды  биолог ғалымдармен және ветеринар мамандармен біргіп жасадық.  Балалардың қамын күйттеуден  туындаған  осындай келелі ойлар көп. Менің балаларым қазір  өзімінің биологиялық перзенттерімен қосқанда, бір  тайпаның санына жетіп қалды. Шүкір деймін! Жалғанда баладан асқан бақыт бар ма?!-  дейді,  ақжүрек жан.     Жетім баланың жаны- жүдеу, көңілі қапалы. Ол үнемі әлдекімнен  жүрек жылуын іздейді. Тапса,  қайғының құрсауынан арлып, мәңгілік бақытпен қауышқандай күй кешеді. Біз айтқан  қаланың жетімдері шулы шаhарды жақтырмайды, аймаңдай ауылын  жанының жұмағына балайды.  Әлпештеп отырған ата-аналарын айналып толғанады, өкіл әкесі — Нұрланды бірі қалмай аймалап, ардақтайды. Қадірлі жанның қарайған бейнесі көрінсе, «көкелеп» құшағына кіруге таласады.   Құдіреті күшті құдай өмірдің мәнін мәрт  мейірімге сыйғызған. Жетімдерді жеткізгенді жарылқаймын деген Жартақанның сөзіне қалай илаңбайсың!

Тегтер: қамқорлық ауыл отбасы жеткіншектер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:37
Балқаштағы ұшақ апатының салдары мәлім болды
Сатан НҮСІПҚОЖАЕВ 12:21
«Жер сатылмайды» дейді...
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 12:17
Жайықтың өзі қымбат па, жағалауы қымбат па?
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 20.04.2021, 10:35
Оралда әйелін өлтірген шенеунік қамауға алынды
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.04.2021, 10:10
Жыры бітпеген электронды жүйе
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.04.2021, 15:25
Кәсіпкердің көлігі өзеннен табылды

Аңдатпа


  • Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?
    09:13
  • Бердіқұлов тағылымы
    09:03
  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    20.04.2021, 10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25
  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32