Бұрынғы Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясын басқаратын болды
Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтіп, оның қорытындысы бойынша партияның жаңа төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды.
Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, съезге Қазақстанның барлық өңірлерінен келген делегаттар қатысқан. Жиын барысында партияның бағдарламасы мен жарғысы бекітіліп, басқарушы органдар айқындалды. «Әділет» партиясы әділеттілік, жауапкершілік, патриотизм, еңбек және даму құндылықтарына негізделген саяси ұйым ретінде құрылып отыр.
Съезге ел бойынша шамамен 1 мың делегат қатысқан.
Айта кетейік, Айбек Дәдебай 2024 жылдың ақпанынан 2026 жылдың 5 мамырына дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. Оны бұл лауазымда бұрынғы бірінші вице-премьер Роман Скляр алмастырған болатын. Бұған дейін Дәдәбай 2022 жылдың қаңтарынан бастап Президент Іс басқарушысы, ал 2021 жылдың мамырынан бастап оның орынбасары қызметтерін атқарған.