Қоғам

Қазақстанда топырақты қорғау және ұтымды пайдалану туралы жеке заң пайда болады

Мәжіліс «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Жер

Құжаттың негізгі мақсаты – бірыңғай заңнамалық акт аясында топырақты басқару, оны қорғау, құнарлылығын сақтау мен арттыру, сондай-ақ жерлердің тозуының алдын алу үшін тұтас құқықтық негіз қалыптастыру.

Бұл ретте құжат жерді алып қою мәселелерін реттемейді, бірақ олардың сапасын сақтауға және одан әрі нашарлауына жол бермеуге бағытталған бірқатар талаптарды енгізеді. Атап айтқанда, заң жобасы «топырақ» ұғымының өзін нақтылап, оны кеңірек «жер» ұғымынан бөліп көрсетеді. Бұл топырақты қорғау мен ұтымды пайдалану бойынша жеке шараларды бекітуге мүмкіндік береді.

Осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жергікті атқарушы органдардың өкілеттіктері, соның ішінде топырақты қорғау жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеу мен орындау құзыреті айқындалады. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің басым бағыттары белгіленеді, бұл ғылыми жұмыстардағы қазіргі бытыраңқылық пен жүйесіздікті жоюы тиіс.

Заң жобасы топырақ қасиеттерін қалпына келтіру бойынша міндетті шараларды да енгізеді. Онда топырақ қорғау технологияларын қолдану (минималды және нөлдік өңдеу, жабындау, қар тоқтату және т.б.), ауыспалы егісті енгізу, ғылыми негізделген жүйе бойынша тыңайтқыш қолдану, қауіпті химиялық заттардың шектен тыс жиналуына жол бермеу, сондай-ақ топырақтың күйіне байланысты жекелеген ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге шектеу қою қарастырылған.

Бұдан бөлек, топырақты су басудан, батпақтанудан, тұзданудан, тозудан, құрғаудан және тығыздалудан қорғау талаптары, сондай-ақ тозған жерлерді қалпына келтіру шаралары бекітіледі. Бұл талаптарды іске асыру топырақтық және агрохимиялық зерттеулер мәліметтеріне негізделетін болады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз