Әлеумет

Зеленский Ресейдің ең ауқымды шабуылына жауап дайындауды тапсырды

Владимир Зеленский әскерилерге 13 мамырдан 14 мамырға қараған түні жасалған Ресейдің ең ірі әуе шабуылына жауап беру нұсқаларын әзірлеуді тапсырды.

Киев

Бұл туралы Украина басшысы Жоғарғы бас қолбасшы штабының отырысынан кейін мәлімдеді.

«Украина Қорғаныс күштері мен арнайы қызметтеріне Ресейдің бұл соққысына қалай жауап беретініміздің ықтимал жолдарын ұсынуды тапсырдым», – деді Зеленский.

Президенттің айтуынша, қазіргі басты міндеттердің бірі – әуе қорғанысына арналған зымырандарды іздеу мәселесі. Ол украин дипломаттарымен осы бағыттағы жұмыстарды жеке талқылайтынын айтты.

«Барлық назар баллистикалық жүйелер мен олардың зымырандарына аударылуы керек. Бұл – бірінші кезектегі басымдық. Мамыр-маусым айларындағы украин дипломатиясының тиімділігі де аспанымызды қорғау күштерінің қаншалықты қамтамасыз етілетініне байланысты болады», – деді Украина президенті.

Зеленскийдің мәліметінше, 13-14 мамыр күндері жасалған жаппай шабуыл кезінде Ресей әскері 1567 дрон мен 56 түрлі зымыран қолданған. Соның ішінде дрондардың 94 пайызы, ал зымырандардың 73 пайызы атып түсірілген.

«Негізгі мәселе – баллистикалық қарулардан және мыңдаған тыл инфрақұрылымы мен қалаларды қорғау», – деді ол.

Сонымен қатар Украина Қарулы күштерінің Бас штабына, Әуе күштеріне және Қорғаныс министрлігіне әуе қорғанысы қажеттіліктерін қамтамасыз ету, әсіресе радарлар жеткізілімін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілген.

Еске салайық, 13 мамырдан 14 мамырға қараған түні Ресей Украинаға қарсы соңғы уақыттағы ең ірі әуе шабуылдарының бірін жасаған болатын. Шабуылдардың негізгі бөлігі Киев пен Украинаның батыс аймақтарына бағытталған.

Киевте шабуыл салдарынан қаза тапқандар саны 21 адамға жетті. Қалада іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз