Украина Ресей бастаған соғысты Ливия аумағына таратқысы келмейтінін мәлімдеді
Украина Ресей бастаған соғысты Ливия аумағына таратқысы келмейтінін мәлімдеді
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Киевтің Ресей бастаған соғысты Ливияға немесе басқа мемлекеттерге тарату ниеті жоқ екенін мәлімдеді.
26 қарашада Сибига Ливияның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Ат-Тахер әл-Баурмен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Ливия жағалауындағы Ресей кемелеріне жасалған шабуылды талқылады.
Украина сыртқы істер министрінің айтуынша, шабуыл Ливияға немесе оның халқына қарсы бағытталмаған. Киев тек Ресейдің әскери нысандарын көздеген. Сибига оқиғаның салдарына байланысты өкініш білдіріп, Ливияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын жеткізді.
22 қарашада Украина Ливияның Бенгази порты маңындағы Ресейдің екі кемесіне шабуыл жасаған. Кейін Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік әскери кеменің суға батқанын мәлімдеді. Шығыс Ливияның әскери басшылығы шабуыл салдарынан екі әскери қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады.
Ливия билігі шабуылды айыптап, Киевтен ресми түсініктеме талап етті. Италия мен Германия да оқиғаға алаңдаушылық білдірді. Ал Ресей Украинаны соғыстың географиялық ауқымын кеңейтуге тырысып жатыр деп айыптады.