Әлеумет

«Атырау хакері» атымен танылған азаматқа үкім шықты

Ол бірнеше рет ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды

хакер

26 қарашада Атырау қаласының №2 соты әлеуметтік желіде «Атырау хакері» деген атпен танылған 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты үкім шығарды.

Ол бірнеше рет ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармақтары).

Сот анықтағандай, Жаңбырбаев 2022, 2024 және 2025 жылдары азаматтарға әлеуметтік желілердегі бұғатталған аккаунттарын ашуға, IT курстарын ұйымдастыруға, Jetu такси қосымшасы жобасына салған қаражатын көбейтуге, тіпті интернет-алаяқтар жымқырған ақшаны қайтарып беруге уәде етіп, ақша алған.

Іс бойынша 12 адам жәбірленуші деп танылған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 13 млн 361 мың теңгені құраған. Оның 10 млн 392 мың теңгесі өтелген.

Еске салайық, қазан айында өткен сот процесінде Жаңбырбаев өз кінәсін мойындамай, қарыздарының пайда болуын жеке кәсібінің сәтсіздікке ұшырауымен түсіндірген еді. Алайда соттың 26 қарашадағы ресми мәліметіне сәйкес, үкім шығару кезінде сотталушының кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі, бес жастағы баласының болуы, бұрын сотталмағаны және шығынды ішінара өтеуі ескерілген.

Сот Жаңбырбаевты төрт жыл сегіз айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Алайда рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты жаза мерзімі үш жыл алты айға қысқартылды.

Жаңбырбаев Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында бір отбасының із-түзсіз жоғалуына қатысты жарияланымдары арқылы көпшілікке танылған. Биыл қаңтарда ол Түркияда ұсталып, жазда Қазақстанға жеткізілген еді.

Алаяқтық бойынша қозғалған қылмыстық істің отбасы мүшелерінің өлтірілуіне қатысты тергеуге қатысы жоқ.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз