Алматы облысында полицейдің өртенген мәйіті табылды
Алматы облысының Кеген ауданында полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылды. Қайғылы оқиға бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм – Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының 37 жастағы қызметкері Аслан Әлсеров. Оның денесі өртелген күйде табылған. Бұл туралы Kazachkov offside хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі уақытта қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен марқұмның жұбайы Арайлым Әлсерова тексеріліп жатыр. Бұдан бөлек, тергеу барысында ерлі-зайыптылардың 14 жастағы ұлы мен оның кәмелетке толмаған досына қатысты да күдік туындаған.
Белгілі болғандай, Аслан мен Арайлым Әлсеровтер 15 жылдан астам уақыт бірге тұрған. Олар жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы ретінде танылған. Әріптестері мен жергілікті тұрғындар арасында үлгілі отбасы ретінде белгілі болған. Отбасы бұған дейін бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарында өнегелі жанұя ретінде көрсетілген.
Алматы облыстық полиция департаменті мәйіттің табылғанын растады.
«Аталған дерек бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша кінәлі деп танылғандарға 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмей отыр.