Live

Шолохов пен Айтматовтан араша сұраған Жұмағали Омарұлы кім?

Ұлтының мүддесі мен ана тілінің тағдыры үшін жан аямай күрескен азаматтар қай кезде де аз болмаған.

Жұмағали Омарұлы

 Әсіресе қылышынан қан тамған, қазақтың тұтас құндылығын табанына таптап, жаныштаған Кеңес өкіметі кезінде қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, әрекет еткен жандар қаншама! Солардың бірі – Жұмағали Омарұлы.

Ж.Омарұлы 1928 жылы 7 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданы Қызылтоғай қыстағында дүниеге келген. Оның балалық шағы ата-бабасының қонысы – Тоқжайлау тауындағы Қызылтоғай қыстағында өтті. Табиғат аясындағы осы орта болашақ тұлғаның мінезі мен өмірге деген көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.

1934 жылы отбасы Қызылтоғайдан Изенді ауылына қоныс аударып, сол жылы Ж.Омарұлы бастауыш мектептің бірінші сыныбына қабылданады. 1937-1938 жылдары Изендідегі төрт жылдық мектепті ойдағыдай аяқтап, білімін жалғастыру үшін Жауынгер ауылындағы жеті жылдық мектепке оқуға түседі. 1941 жылға дейін осы білім ордасында оқып, сол кезеңдегі қоғамдық-тарихи өзгерістер аясында қалыптасқан ұрпақтың өкілі ретінде алғашқы білім негізін қалайды.

Мектепті тамамдағаннан кейін Ж.Омарұлы білім көкжиегін кеңейту мақсатында 1947 жылы Қапал педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1949 жылы аталған оқу орнын тамамдайды. Жас маман ретінде ол еңбек жолын Изенді қазақ бастауыш мектебінде бастап, көп ұзамай өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында осы білім шаңырағының меңгерушісі болады.

1953 жылы әскери борышын өтеп келген соң Жұмағали Омарұлы қайтадан ауыл мектебінің тізгінін қолына алады. Алайда сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуал білім беру саласына өз салқынын тигізбей қоймады. ХХ ғасырдың орта тұсында КСРО кеңістігінде белең алған шамадан тыс орталықтандыру саясаты мен ұлттық мектептерді қысқарту үрдісі қазақ даласындағы ағарту ісіне ауыр соққы болды. 1954-1980 жылдар аралығында Қазақстанда 600-ге жуық қазақ мектебінің жабылуы – ұлттық білімнің тағдырына төнген қатердің айқын айғағы еді.

Бұл зобалаңнан Изенді ауылы да тыс қалмады. 1968 жылы ауылдағы қазақ бастауыш мектебі жабылып, ауыл балалары Дзержинск орыстілді орта мектебіне баруға мәжбүр болып, ана тілінде білім алу мүмкіндігінен қағылды. Бұған қоса, оқу бағдарламасындағы алшақтық салдарынан балалардың екі сыныпқа төмендетілуі сол кезеңнің ащы шындығының бір көрінісі еді.

Ж.Омарұлының қазақ сыныптарын ашу жолындағы табанды күресі, міне, осы кезден басталады. Ол Изенді ауылында сегізжылдық орталау мектеп ашу жөніндегі бастамасын табандылықпен көтеріп, ана тіліндегі білімнің қайта жандануына бар күш-жігерін арнайды. 

Осы ұстанымы мен табандылығы үшін Жұмағали Омарұлы талай қысым мен қудалауға ұшырады. Оған бірнеше мәрте ескерту жасалып, тіпті қауіпсіздік органдарының бақылауына ілінеді. Соған қарамастан, ол өз жолынан таймай, ұлттық білімді сақтау жолындағы күресін жалғастыра береді.

1955-1962 жылдары Қытайдан қоныс аударған қазақтардың Дзержинск ауылына көптеп келуі жағдайды күрделендіре түсті. Изендідегі қазақ бастауыш мектебінің жабылуы ана тілінде білім алуға деген сұранысты бұрынғыдан да өзекті етті. Қазақ балалары үшін ұлттық сыныптар ашу – уақыт талабы ғана емес, ұлт болашағы үшін аса маңызды мәселе еді.

Осы тұста Ж.Омарұлының тікелей ұйытқы болуымен аудандық және облыстық білім басқармаларына, партия комитеттеріне үздіксіз хаттар жолданды. Соның нәтижесінде, ақыры, 1970 жылы Дзержинск орта мектебінде алғашқы қазақ сыныбы ашылды. 

Алайда қазақ сыныбының ашылуы барлық қиындықтың шешімі бола қойған жоқ. Таза орыс мектебі ретінде қалыптасқан оқу орнында қазақ балаларына деген көзқарас әлі де кемсітушілік сипаттан ары аспады. Алғашқы қазақ сыныбы оқулықсыз қалып, ескірген ғимараттарда білім алуға мәжбүр болды. Осындай ауыр жағдайда Жұмағали Омарұлы мен оның жары Шайза Имансерікқызы әліппені өз қолдарымен жазып, шәкірттеріне білім беруді жалғастырды.

Ж.Омарұлы 1971 жылғы 25 мамырда өткен қорытынды педагогикалық кеңесте тағы бір өзекті мәселені көтерді. Ол орыс сыныптарында қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігін ашық айтты. Алайда бұл бастама ұжым тарапынан қолдау таба қоймады. Сол кезеңде мектептегі 94 мұғалімнің небәрі төртеуі ғана қазақ еді, осының өзі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғартса керек. Көп ұзамай Жұмағали Омарұлына «ұлтшыл» деген айып тағылып, қызметінен де, партия қатарынан да шығарылды.

Алайда әділеттен үмітті азамат бұл шешіммен келіспей, аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі басшылық органдарға қайта-қайта шағым түсіреді. Бірақ ұзақ уақыт бойы бұл арыз-шағымдардан еш нәтиже шықпайды. Соған қарамастан, ол КОКП-ның XXIV съезіне дейін хат жолдайды. Ақыры оның өтініші белгілі бір деңгейде оң шешімін тауып, оны қайтадан жұмысқа қабылдау жөнінде шешім қабылданады.

Тағдыр тәлкегі мұнымен бітпепті. 1971 жылдың тамыз айында жазғы демалыстан кейін жұмысқа оралған Жұмағали Омарұлына мектеп директоры Д.В.Воронков тарапынан қызметтен босатылғаны туралы бұйрық табысталады. Мұнымен келіспеген Ж.Омарұлы бұл жолы Мәскеуге аттанып, КСРО басшысы Л.И.Брежневтің қабылдауына кіруге талпынады. Алайда ауылдан шыққаннан-ақ оның соңына түскен қауіпсіздік органдарының өкілдері бұл ниеттің жүзеге асуына мүмкіндік бермейді.

Жолы тұйықталған Ж.Омарұлы енді Ростов облысы Вишневский ауданында тұратын әйгілі жазушы М.Шолоховқа баруға бел буады. Ақыры көп кедергілерді еңсеріп, қаламгердің қабылдауына кіріп, жағдайын баяндайды. Жазушы тарапынан қолдау көрсетуге ниет болғанымен, сол кезеңдегі бақылау мен қысым бұл бастаманың да жүзеге асуына бөгесін болады.

Мәскеуге қайтар кезінде Ж.Омарұлы қонақүйде жазушы Шыңғыс Айтматовпен ұшырасып қалады. Ол басынан өткеріп жатқан әділетсіздіктерді баяндап, Айтматовтан араша сұрайды. Алайда оның бұл әрекетінен де еш нәтиже болмайды. 

Сөйтіп, амалы таусылып, Алматыға оралады. Вокзалға жеткен сәттен-ақ қауіпсіздік органдарының қызметкерлері оны ұстауға әрекет жасайды. Жағдайдың күрделілігін сезінген Ж.Омарұлы туған ауылына барудың қауіпті екенін түсініп, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тұратын қарындасының үйіне барып паналайды. Бірақ бұл жерде де ұзақ тұрақтай алмайды, көп ұзамай оны іздеп келген қауіпсіздік органдарының қызметкерлері күштеп ұстап, психиатриялық мекемеге жатқызады.

Рухы сынбаған қайсар жан ақыры бұл жерден де қашып шығып, талай қиындықты еңсеріп, 1972 жылдың қысында туған үйіне әрең жетеді. Алайда осы оқиғалардан кейін оған ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуге мүмкіндік берілмей, қоғамдық өмірден шеттетіледі. Тіпті зейнетақысына да кеш қол жеткізеді.

Өмірін әділдік жолындағы күреске арнаған Ж.Омарұлы 2005 жылы дүниеден өтті. Оның тағдыры — бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің ащы шындығын, ұлт рухы үшін күрестің ауыр жолын айғақтайтын тағдыр.

Күрделі кезеңдерде өмір сүріп, ана тілі үшін күрескен азаматтың есімі ел жадында мәңгі сақталуға тиіс. Сондықтан Ж.Омарұлының есімін Тоқжайлау орта мектебіне беру – тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, кейінгі ұрпаққа өнеге етерлік тағылымды қадам болар еді.

Баршагүл Байбатырова 

Жетісу облысы,

Алакөл ауданы,

Тоқжайлау ауылы 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз