Саясат

Прокурор Оразалы Ержановқа төрт жыл бостандығын шектеу жазасын сұрады

Алматының Алмалы аудандық сотында Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержановқа қатысты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы соттан төрт жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Ержанов

Прокурор Жәнібек Мамытов сотта Ержановты Қылмыстық кодекстің 155-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған төрт жыл бостандығын шектеу жазасын беруді сұраған.

Сонымен қатар прокурор қосымша жаза ретінде Ержановты бес жылға қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айыруды талап етті.

Мемлекеттік айыптаушының ұсынысына сәйкес, оған конференциялар, дебаттар, телебағдарламаларға, оның ішінде әлеуметтік желілердегі эфирлерге қатысуға, түрлі жиындарды ұйымдастыруға және қатысуға шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тақырыптарда материал таратуға, репортаж жасауға тыйым салу ұсынылды.

Бұдан бөлек, прокурор Ержановқа бес жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарын құруға және олардың қызметіне қатысуға, журналист немесе баспа өкілі ретінде жұмыс істеуге тыйым салуды сұрады.

Оразалы Ержанов – заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен айналысатын Elge Qaitaru қорының директоры әрі тең құрылтайшысы. Ол сондай-ақ Transparency International Kazakhstan қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Бұған дейін «KEGOC» компаниясында бірінші вице-президент, сондай-ақ «Наурыз банк Қазақстан» басқарма төрағасы болған.

Ержанов 26 ақпанда әлеуметтік желілердегі жарияланымдары үшін ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол «шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратып, референдумға бойкот жасауға шақырған және шетелдік байланыс нөмірлерін пайдаланып азаматтарды жаңылыстырған».

Оған сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірді деген айып тағылған. Алғашында Ержанов 10 тәулікке қамауға алынған, кейін бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз