eGov жүйесінен 15 млн қазақстандықтың дерегі тарады деген ақпарат расталмады
Қазақстанның 15 миллион азаматына тиесілі деректер eGov жүйесінен тарады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі техникалық тексеру жүргізіп, мемлекеттік жүйелер бұзылмағанын мәлімдеді. Министрлік darknet-те сатылымға қойылған файлдарды да зерттеген. Нәтижесінде олардың әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттерден тұратын жиынтық екені анықталған. Бұл материалдар eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емес.
Ведомство бұған бірнеше дәлел келтірді. Атап айтқанда, darknet-те жарияланған деректердің көлемі мен мазмұны өзара сәйкес келмейді. Сонымен қатар eGov жүйелерінде хабарландыру авторы айтқандай, азаматтардың паспорттарының скан-көшірмелері сақталатын база жоқ.
Цифрлық құжаттар басқа технологиялық тәсілмен қалыптастырылып, сақталады. Министрлік ақпараттық жүйенің бұзылғаны туралы қорытынды жасауға darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі жеткіліксіз екенін атап өтті.