Live

Еуропада аптап ыстықтан мыңнан астам адам көз жұмды

Еуропаның бірқатар елінде ауа температурасы жексенбі күні 40 градусқа дейін көтерілді.

ыстық жыл

Кей өңірлерде дауыл соғып, электр желілері мен көлік қатынасына қиындық туындады. Ал Франция билігі рекордтық аптап салдарынан 1000 адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметінше, аптап ыстықтан көз жұмғандардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Мамандар қарттар үйлері мен жеке тұрғын үйлердегі өлім-жітім туралы мәліметтер толық түскен сайын құрбандар саны артуы мүмкін екенін ескертті.

Ғалымдардың айтуынша, 20 маусымда басталған бұл аптап Еуропа тарихындағы ең ауыр ыстық толқындарының бірі саналады. Жоғары температура электр энергиясын өндіруге кедергі келтіріп, инфрақұрылымға зиян келтіріп, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсірген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қазіргі таңда 150 миллионнан астам адамның экстремалды ыстық жағдайында өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.

«Жүздеген адам қаза тапты, мектептер жабылды, электр желілері шамадан тыс жүктемеге ұшырады», - деді ол.

Мамандар мұндай аптап толқындары климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынудың салдары екенін айтады. Бұрын «бір ұрпақта бір рет болатын» құбылыс саналатын экстремалды ыстық енді жыл сайын қайталанатын жағдайға айналып барады.

Германия, Польша және Италияда температура 40 градусқа жақындады. Германияның Солтүстік Рейн – Вестфалия аймағында теміржол қозғалысы шектелсе, Лейпциг қаласында трамвай қатынасы уақытша тоқтатылды.

Аптап Еуропаның өзендеріне де әсер етті. Венгриядағы Пакш атом электр станциясы Дунай өзенінің суы шамадан тыс жылынғандықтан өндіріс көлемін қысқартуы мүмкін. Италиядағы По өзенінің деңгейі төмендеп, теңіз суы өзен сағасына қарай 18 шақырымға дейін енген. Бұл ауыл шаруашылығы мен табиғи экожүйелерге қауіп төндіріп отыр.

Италияда ыстықтан суға түсуге барған ондаған адамның суға кетіп қаза болғаны хабарланды. Олардың арасында ел министрлер кабинетінің мүшесі Евгения Рочелланың жұбайы да бар. Ол Рим маңындағы Вико көлінде жоғалып кеткен.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Франция мен Германияның кей өңірлерінде найзағай ойнап, ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Алайда аптап толқыны Орталық Еуропа мен Балқан түбегіне қарай ығысып бара жатыр.

Францияның Денсаулық сақтау министрі Стефани Рист аптаптың денсаулыққа әсері температура төмендегеннен кейін де 10 күнге дейін сақталуы мүмкін екенін айтты. Францияның солтүстігі мен орталығында болған дауыл салдарынан шамамен 36 мың үй жарықсыз қалған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз