Өңір

Астанада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы басталды

Астанада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Астана

Биылғы маусымға 14 пен 35 жас аралығындағы 5 200 жас қатысып, жаз бойы елорданы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына атсалысады.

Іс-шара қаладағы амфитеатрда ұйымдастырылып, оған «Жасыл ел» сарбаздары, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты. Биылғы еңбек маусымының ұраны – «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі».

Жоба аясында жастар саябақтар мен гүлзарларды күтіп-баптап, ағаш отырғызу, көше аумақтарын тазалау және білім беру ұйымдарының маңын абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Осылайша қатысушылар қала экологиясын жақсартуға және қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосады.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, биыл жобаға бірқатар өзгеріс енгізілген. Соның ішінде қатысушылар саны арттырылып, еңбек ақы мөлшері көбейтілген.

«Өткен жылмен салыстырғанда биылғы маусымға 5 200 жас қатысады. Сонымен қатар сарбаздардың жалақысы көтерілді. Егер былтыр олар 54 мың теңге алса, биыл бұл көрсеткіш 73 мың теңгеге жетті. Бұдан бөлек, міндетті зейнетақы аударымдары қарастырылған», – деді Самат Ибраев.

Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі – цифрлық кезектің енгізілуі. Енді жастар жобаға қатысу үшін арнайы онлайн-платформа арқылы өтінім бере алады. Бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз етіп, қатысушыларды тіркеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жобаға бірінші кезекте толық емес және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер қабылданады. Бағдарламаға мектеп оқушылары мен колледж студенттері де қатыса алады.

Жоба қатысушыларының бірі, №101 мектептің 10-сынып оқушысы Сабина Тілеубек «Жасыл ел» қатарында былтыр да еңбек еткенін айтады. Оның сөзінше, жоба жастарға табыс табумен қатар, қоғамға пайдалы іс жасауға және жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Біз гүл суарып, ағаш отырғыздық, жолдарды тазаладық және мектепке көмектестік. Мен өз қалама пайдамды тигізгім келеді, сондықтан бұл жобаны жалғастыруды жөн көрдім», – дейді ол.

Жоба ұйымдастырушыларының пікірінше, «Жасыл ел» жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық белсенділігін дамытуға ықпал етеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз