Астанада мектеп оқушыларымен патриоттық кездесу өтті
Астана қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінде “Елін сүйген ерлер” атты тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қатысқан.
Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел мен жерге деген құрметті арттыру. Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі Әлібек Әбділов пен құқықтық тәртіп әскерінің ерлер хоры арнайы шақырылды.
Жиын барысында Әлібек Әбділов оқушыларға патриотизмнің маңызын түсіндіріп, елге адал қызмет етуге, тарихты құрметтеуге және Тәуелсіздіктің қадірін бағалауға шақырды. Оның айтуынша, Отанды сүю – әр азаматтың басты парызы, ал ел болашағы білімді де саналы ұрпақтың қолында.
Сонымен қатар, Ұлттық ұланның ерлер хоры әсерлі әндер орындап, көрермендерге ерекше рух сыйлады. Іс-шара соңында Астана қаласы білім басқармасының өкілі Асыл Амангелдиева сөз сөйлеп, әскери қызметшілерге алғыс білдірді.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша білім беру ұйымдарында Ұлттық ұланның 100-ге жуық “Жас бүркіт” сыныбы жұмыс істейді. Сондай-ақ оқушылар үшін әскери бөлімдерде ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіліп келеді.