TikTok-та танысқан ер адамды бопсалады деген күдікпен ақтөбелік әйел ұсталды
Ақтөбе облысында TikTok әлеуметтік желісі арқылы танысқан ер адамды бопсалады деген күдікпен 33 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Polisia.kz мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктіні 100 мың теңгені алу кезінде қылмыс үстінде қолға түсірген.
Полицияға жүгінген ер адамның айтуынша, ол күдікті әйелмен TikTok арқылы танысқан. Біраз уақыттан кейін әйел одан ақша талап етіп, егер талап орындалмаса, өзін зорлады деген жалған арыз жазатынын айтып қорқытқан.
Жәбірленушінің сөзінше, қысымның салдарынан ол әйелге алдымен 300 мың теңге берген. Алайда күдікті кейін тағы 100 мың теңге талап еткен. Кезекті ақшаны алу сәтінде ол полиция қызметкерлерінің қолына түсті.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің бопсалау бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды мұндай жағдайға тап болған кезде құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласуға шақырып, бопсалау заң бойынша ауыр қылмыс саналатынын еске салды.