Әлеумет

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы бойынша байланыс арнасын құруға келісті

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазындағы оқыс оқиғалардың алдын алу үшін арнайы байланыс арнасын құруға келісті.

Ормуз

Бұл туралы 22 маусым, дүйсенбі күні Швейцарияда өткен келіссөздердің кезекті кезеңі аяқталғаннан кейін делдал қызметін атқарып отырған Катар Сыртқы істер министрлігі X әлеуметтік желісінде хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Өзара түсіністік туралы меморандумның 5-тармағында көрсетілген мерзімге тараптар арасында байланыс желісі іске қосылған.

«Бұл байланыс арнасы оқыс жағдайлар мен түсініспеушіліктердің алдын алуға бағытталған және Ормуз бұғазы арқылы сауда кемелерінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуі тиіс», – делінген мәлімдемеде.

Катар СІМ-нің хабарлауынша, делдалдық үдерісті бақылау үшін құрылған жоғары деңгейлі комитет тараптар арасындағы түпкілікті келісімге 60 күн ішінде қол жеткізуге арналған «жол картасын» мақұлдаған. Осылайша алдағы техникалық келіссөздердің басталуына негіз қаланды.

Арнайы реттеу тобы құрылады

Сонымен қатар АҚШ пен Иран арнайы реттеу тобын құру туралы уағдаласты. Оның құрамына Иран, АҚШ және Ливан өкілдері енеді. Делдалдардың көмегімен жұмыс істейтін бұл топтың міндеті – Ливандағы әскери операцияларды тоқтатуға қажетті жағдайларды қалыптастыру.

Катар СІМ техникалық келіссөздер апта соңына дейін Люцерн маңындағы Швейцария Альпісіндегі Бюргеншток курортында жалғасатынын мәлімдеді.

Катар мен Пәкістан Вашингтон мен Тегеранға дипломатиялық жол мен бейбіт реттеуге адалдығы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ келіссөздерге қолдау көрсеткен өзге елдердің үлесі жоғары бағаланды.

«Люцерн көліндегі саммит оң және сындарлы жағдайда өтті. Үміт сыйлайтын ілгерілеуге қол жеткізілді», – деп мәлімдеді Катар сыртқы саясат ведомствосы.

Басты келіссөз жүргізушілер жоғары деңгейлі комитетке тұрақты түрде есеп беріп отырады. Олар ядролық бағдарлама, санкциялар, мониторинг және дауларды реттеу мәселелерімен айналысатын жұмыс топтарына жетекшілік етеді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи қол жеткізілген уағдаластықтарды Ливандағы әскери іс-қимылдарды тоқтату жолындағы «үлкен жетістік» деп атады.

Ормуз бұғазы жабық күйінде қалып отыр

Келіссөздер қарсаңында Тегеран Израильдің Ливандағы әскери операциясының жалғасуына байланысты Ормуз бұғазын қайтадан жапқанын мәлімдеген болатын.

Өз кезегінде Иран Қарулы күштерінің бірлескен қолбасшылығы 20 маусымда АҚШ өз міндеттемелерін орындамай, соғысты тоқтатпағандықтан бұғаздың жабылғанын хабарлады.

Еске салайық, 15 маусымда АҚШ президенті мен Иран президенті келісімге қол қойған еді. Құжат сәуірде жарияланған бітімді ұзартуды және басқа да шарттармен қатар Ормуз бұғазын қайта ашуды көздейді. Ал тараптарға кейінгі келіссөздерді аяқтау үшін 60 күн мерзім берілген.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз