Қоғам

Ақтөбе облысында байланыс мұнарасы дүкенге құлағаннан кейін төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе

Әкімдік мәліметінше, аудан орталығында қатты желдің салдарынан байланыс мұнарасы құлап, жеке тұрған бір қабатты дүкеннің шатырына түскен. Оқиға салдарынан үш адам зардап шегіп, аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсеткен.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасымен Байғанин ауданына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов барған. Ол зақымданған нысанды аралап, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Сондай-ақ Ғалымжан Елеуовтың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында келтірілген шығын көлемін бағалау, зардап шеккен нысандардың тізімін жасау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шұғыл қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды.

Қазіргі уақытта апаттық-қалпына келтіру бригадалары электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Барлық жауапты қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз