Қазақстандық әйел Өзбекстанның энергетика саласында жоғары қызметке тағайындалды
Қазақстан азаматы Гүлжан Қоспан «Hududiy elektr tarmoqlari» АҚ басқарма төрағасының қаржы, экономика, трансформация және жекешелендіру жөніндегі бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Аталған компания Өзбекстанның энергетика саласындағы негізгі ойыншылардың бірі саналады және елдің электр тарату желілеріне жауап береді.
Гүлжан Қоспан 1981 жылғы 24 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Тұран» университетін, сондай-ақ Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің магистратурасын тәмамдаған. Мамандығы — экономист, заңгер және халықаралық экономист.
Бұған дейін ол Beeline Kazakhstan компаниясында қаржы мәселелері бойынша менеджер болып жұмыс істеген, сондай-ақ Freedom Telecom компаниясында қаржы директоры қызметін атқарған.