Саясат

Путин мен Си газ құбыры бойынша тағы да келісімге келе алмады

Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің Бейжіңдегі кездесуі кезінде «Сібір күші–2» газ құбыры жобасы бойынша тағы да нақты келісім жасалмады.

Путин мен Си

Батыс басылымдарының мәліметінше, тараптар жобаны талқылағанымен, газ бағасы мен жеткізу шарттары бойынша ортақ мәмілеге келе алмаған.

Кремль кездесу қорытындысы бойынша «жобаға қатысты ортақ түсіністік бар» деп мәлімдегенімен, ресми келісімге қол қойылмаған.

Reuters агенттігінің жазуынша, негізгі түйткіл — Қытайдың Ресей газын төмен бағамен алуға ұмтылуы. Ал Мәскеу Еуропа нарығынан айырылғаннан кейін Қытай бағытына қатты тәуелді болып қалған.

Сарапшылардың пікірінше, Бейжің бұл жағдайда асығар емес. Қытай Ресейдің қазіргі экономикалық және геосаяси әлсіздігін пайдаланып, өзіне тиімді шарттарды күтіп отыр.

«Сібір күші–2» жобасы Ресейдің Батыс Сібірдегі газын Моңғолия арқылы Қытайға жеткізуге арналған. Құбырдың жоспарланған қуаты жылына 50 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін.

Жоба бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанымен, Мәскеу мен Бейжің әлі күнге дейін толық келісімге келе алмай отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз