Атырауда мұғалім әйелді өлтіру ісі бойынша сот басталды
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында бастауыш сынып мұғалімін өлтіру ісі бойынша сот процесі басталды.
58 жастағы марқұм Ж. Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінде мұғалім болып жұмыс істеген. Істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні Атыраудағы Нұрсая ықшамауданында болған. Айыпталушылар орнында 63 жастағы зейнеткер отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша айып тағылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш пен сенімсіздікке байланысты ұзақ уақыт жанжал болып келген. Қайғылы түні олардың арасында тағы да ұрыс шыққан.
Айыптау актісінде түнгі сағат екі шамасында ер адамның асүйден пышақ алып, қонақ бөлмеге кіргені айтылады. Ол жерде жұбайы мен отбасында тәрбиеленіп жатқан 12 жастағы қыз болған. Осыдан кейін ер адам әйеліне бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Әйел оқиға орнында көз жұмған.
Іс бойынша негізгі куәгерлердің бірі – сол түні пәтерде болған кәмелетке толмаған қыз. Оның айтуынша, ол айқайдан оянып, әкесін тоқтатуға тырысқан. Алайда өлімге әкелген соққы жасалған сәтті көрмеген.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындады. Ол жанжалдан кейін асүй пышағын алып, әйеліне соққы жасағанын растады. Отырыста ер адам көзіне жас алып, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартқан.
Процесс кезінде айыпталушы тарап та, жәбірленуші тарап та бұған дейін айыптау актісінің көшірмесін алмағаны белгілі болды. Осыған байланысты судья прокурорға ескерту жасап, құжаттар сот отырысы кезінде ғана табысталған.
Келесі сот отырысы 5 маусым күні сағат 10:00-ге белгіленді. Іс ашық режимде қаралып жатыр.