Алматыдағы 5 адамның өмірін қиған өрт: үйді біреу қасақана өртеген бе?
Алматыдағы өрттен бес адам қаза тапты.
Марқұмдардың арасында 64 жастағы әйел, оның 41 жастағы қызы және 2017 жылы туған қыз бала бар. Сондай-ақ Өзбекстанның екі азаматы көз жұмған. Кішкентай қыз анасы және әпкесімен бірге бір бөлмеде тұрған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт түнгі сағат 03:30 шамасында басталған. Алдымен үй иелері оянып, сыртқа шыққан. Кейін олар ғимараттағы басқа тұрғындарды да оятуға тырысқан. Өрт сөндірушілер жалынды шамамен бір сағат ішінде толық сөндірген.
Мамандар өрт шыққан бөлмеден бензин іздерін анықтаған. Бұл дерек арнайы құрылғының көмегімен расталған.
Тергеу барысында тағы бір жайт белгілі болған. Өрт басталардан бірнеше минут бұрын үйге қара күртеше мен сұр бас киім киген әйел келген. Оның ғимаратқа кіріп, аз уақыттан кейін шығып кеткені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Әйел кеткеннен көп ұзамай үйден түтін шыққан.
Қазір оның жеке басы анықталған. Тергеушілер әйелдің осы үйде тұрған ер адамдардың бірімен бұрын қарым-қатынаста болған-болмағанын тексеріп жатыр. Өрттің шығуына қызғаныш немесе кек себеп болуы мүмкін деген болжам да қарастырылуда. Алайда бұл нұсқалар әзірге расталған жоқ.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бапта бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.