Саясат

Трамп Иранмен келісімге 14 маусымда қол қойылатынын мәлімдеді

Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісімге 14 маусым күні қол қою жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Трамп

Оның айтуынша, келісім күшіне енгеннен кейін Ормуз бұғазы барлық елдер үшін қайта ашылады.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында келісімге сәйкес Иранның ядролық қаруды «сатып алу, өндіру немесе кез келген басқа жолмен иеленуіне» тыйым салынатынын айтты.

«Уақыты келгенде және жағдай толық тұрақтанғанда біз ол жерге барып, қуатты В-2 бомбалаушы ұшақтарымыздың көмегімен гранит таулардың астына терең көмілген ядролық қалдықтарды алып шығамыз», – деп жазды АҚШ президенті.

Оның нақтылауынша, байытылған уран Иран аумағында немесе АҚШ-та жойылады.

Трамп қазіргі таңда Вашингтон мен Тегеран арасындағы қарым-қатынас бұрынғы америкалық әкімшіліктер кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы екенін атап өтті.

«Біз Иранмен және жалпы Таяу Шығыспен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға үміттенеміз. Бұл үдеріс тез, оңай әрі қиындықсыз өтеді деп сенеміз. Егер олай болмаса, біздің өте тиімді балама жоспарымыз бар. Бірақ оны ешқашан қолдануға тура келмейді деп үміттенемін», – деді ол.

Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи АҚШ-пен жанжалды реттеу жөніндегі меморандумның дәл 14 маусымда қол қойылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын. Алайда ол мұндай құжаттың жақын күндері қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ал Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келісім екі кезеңмен жүзеге асырылатынын айтты. Оның сөзінше, алдымен 14 тармақтан тұратын меморандумға қол қойылады. Одан кейін қақтығысты толық тоқтату мақсатында 60 күндік келіссөздер кезеңі басталады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз