Саясат

112 Нобель сыйлығының лауреаты ирандық құқық қорғаушыны босатуға шақырды

112 Нобель сыйлығының лауреаты Иран билігі мен халықаралық қауымдастықты ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мохаммадиді босатуға күш салуға шақырды.

Наргиз Мохаммади

Бұған оның денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

12 мамырда жарияланған бірлескен мәлімдемеде қол қоюшылар Мохаммадиді дереу әрі шартсыз босатуды талап етті.

Құқық қорғаушы өкілдерінің мәліметінше, 10 мамыр күні ол ауыр жағдайда Тегерандағы «Парс» ауруханасына жеткізілген. Түрмеде отырған кезде оның қатты арықтап кеткені, қан қысымы тұрақсыз болып, жүрек аурулары асқынғаны айтылған. Госпитализацияға дейін Мохаммадиді түрме камерасынан ес-түссіз күйде тапқан. Алдын ала болжам бойынша, ол жүрек талмасына ұшыраған.

Мәлімдеме авторлары құқық қорғаушыға бірнеше ай бойы арнайы медициналық көмек көрсетілмегенін айтып, оның өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді.

Үндеуге химия, физика, медицина, әдебиет, экономика және бейбітшілік салалары бойынша Нобель сыйлығының 112 лауреаты қол қойған.

54 жастағы Наргес Мохаммади 2023 жылы «Ирандағы әйелдер құқығы үшін күресі және баршаға арналған адам құқықтары мен бостандықтарын қорғағаны үшін» Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алған. Ол 1998 жылдан бері бірнеше рет қамауға алынып, өлім жазасына және міндетті хиджабқа қарсы пікір білдіріп келген.

Оған шығарылған бірнеше үкім бойынша жалпы жаза мерзімі 44 жылдан асады. 2026 жылдың ақпанында Иран соты оны «қылмыс жасау мақсатындағы сөз байласу» және «үкіметке қарсы үгіт-насихат» айыптары бойынша тағы 7,5 жылға соттаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз